Абай облысында тұтанған өрттің беті әлі қайтпай жатыр. Бүгіндері тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі, Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық техника жұмылдырылған.
«Пилотсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып, аэровизуалды барлау нәтижелері бойынша өрт Каштак орманшылығынан Семей қаласына қарай бағыт алып, жоғары өрбігені байқалады. Жедел іс-қимылдар мен уақтылы қабылданған шаралардың арқасында өрттің елді мекендерге таралуына жол берілген жоқ», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін тікұшақтар тартылды. Өткен тәулікте өрт ошақтарына әуеден 546 рет 1 500-ден астам тонна су төгілді. Ал жалпы, өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 1 323 рет 4000-ға жуық тонна су төгілді.
Тағы оқыңыз: Өрттен қаза тапқан жандардың отбасыларына қандай қолдау көрсетіледі?