Облыстық көпбейінді аурухана «Медтроник Қазақстан» ЖШС-нен жалға алған нейронавигация көмегімен 21 сәтті операция жасады. Нейронавигация — бұл нейрохирург дәрігерлеріне операция жасаған кезде ми мен жұлын құрылымдарын дәл анықтауға көмектесетін медициналық жабдық, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Нейронавигация — күрделі емшаралардың дәлдігін, нақтылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нейрохирургиядағы ең озық технологиялардың бірі. Оның көмегімен, КТ және МРТ кескіндерін пациенттің анатомиялық аймағымен байланыстыруға және жұлын мен мидың патологиялық түзілімдерінің шекараларын анықтауға болады. Бұл аппарат аурудың дәлдігін анықтап, уақытылы емдеуге кірісуге мүмкіндік береді. Және жасалған отадан кейін науқас тез қалпына келеді. Жалпы 2023 жылдың тамыз-қазан айлары аралығында облыстық көпбейінді ауруханада бұл жабдық көмегімен 21 жоғары технологиялық қымбат операция жасалған. Оның 20-сы МӘМС қаражаты есебінен, қалған 1 ота тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен жасалған.