Бүгін Көкшетау-Омбы автожолында жантүршігерлік жол апаты тіркелді. Тайынша ауданы Аймақ ауылының маңында 2 көлік соқтығысып, 5 адам оқиға орнында ажал құшты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға таңғы сағат 07:55 – те орын алған. Полицейлердің мәліметінше, Lexus маркалы автокөлігі Көкшетау қаласынан келе жатып жолдың қарама-қарсы бағытына шығып кеткен. Осылайша, «ВАЗ-2104» машинасына соғылған. Салдарынан 7 адам зардап шекті. Соның 5-уі оқиға орнында көз жұмған. Қалғандары Көкшетау қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Жүргізушілерден медициналық куәландыру жүргізу үшін қан алынды.
«ЖКО фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Қажетті сараптамалар тағайындалды», — делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Тағы оқыңыз: Есіл ауданының диқандары химиялық өңдеу шараларын қарқынды жүргізіп жатыр