Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айт намазының кестесін жариялады. Ораза айт дегеніміз — Рамазан айынан кейінгі Шәууәл айының бірінші күні, яғни мұсылмандардың маңызды діни мейрамы, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Ораза айт — екі айт мейрамының бірі. Мереке күні мұсылмандар мешітте жиналып жамағатпен айт намазын оқиды. Сонымен қатар, айтта ораза ұстауға тыйым салынады.
Солтүстік Қазақстан облысында айт намазы 07:00-де оқылады.
Ораза айтты қалай өткізген дұрыс?
- Пітір садақасын беру. Ол Рамазан айында, яғни Рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта берілу қажет.
- Тәкбір айту. Айт күндері тәкбір (Алланы ұлықтау) айту дінде заңдастырылған амалдарға жатады.
- Айт намазын оқу. Ол үшін азан айтылып, қамат түсірілмейді. Намазға бет алған кезде бір жолмен барып, екінші жолмен қайту сүннет болып саналады.
- Намазға шығар алдында құрма жеп шығу. Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрма дәмінен ауыз тиюі керек. Бұл — пайғамбарымыздың (с.а.у) оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі.
- Жаңа киім кию, ғұсыл құйыну, әтір себу. Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтір сеуіп барған абзал.
- Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға болмайды
Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарысады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды.
Тағы оқыңыз: Елімізде су тасқынынан зардап шеккендерге қандай үй беріледі?