Солтүстік Қазақстанда күнбағыс майының бағасын негізсіз өсіріп жіберген кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары тексеріс жүргізіп, күнбағыс майының бағасы негізсіз өсіп кеткендігін анықтады. Әлеуметтік маңызы бар тауардың құнын кәсіпкер 15% арттырып сатқан.
«Ильинское» ЖШС «Торгсервис К3-2» компаниясынан «Родное» маркалы (1 литр) тазартылған күнбағыс майын сатып алып, оны тұтынушыға 15% үстемеақы қосып саудалап келген. Сөйтіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-бабына сәйкес «Ильинское» серіктестігі ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Егер шағын кәсіпкерлік субъектісі осындай заң бұзушылықты бір жыл ішінде қайта жасаса, онда — 10 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілері — 75 АЕК мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері — 300 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін», — делінген облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының хабарламасында.
Тексеру нәтижелері бойынша «Ильинское» ЖШС күнбағыс майының бөлшек бағасын төмендету ұсынылды.
Тағы оқыңыз: Наурызда уақыттың өзгеруі ұялы байланысқа әсер етуі мүмкін