Бүгіндері Петропавлда құрылыс қарқын алған. Шаһардың бірнеше ауданында көпқабатты баспаналар мен әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып жатыр. Бірақ тұрғындар келер қыста Петропавл 2-ші ЖЭО оның барлығын жылумен қамтуға шыдас бере алмай қалатындығына алаңдауда, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавлда биыл бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Яғни, жылдап пәтер кезегінде тұрғандар көп ұзамай қоныс тойын тойлайтын болады. Алайда тұрғындар қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдайды. Оған себеп те жоқ емес. Өткен жылы ЖЭО-да үлкен апат орын алған болатын. Бүгіндері маңызды нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 12 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оның үстіне биыл 3-ші мұржаның құрылысы басталды. Сондықтан облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев алаңдауға еш негіз жоқ дейді.
«Биылғы жылы жөндеу жұмыстары жалғасады. Облыс әкімі акционерлермен кездесіп, ЖЭО-да іске асырылатын жоспарларды тыңдады. Биыл олар нысанға 9 млрд теңге көлемінде инвестиция құйып, жөндеу жұмыстарын жалғастырмақшы. Мұнымен қоса, мұржаның құрылысы басталып кетті. Оған 3 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді», — дейді СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, ЖЭО-ның қуаты 713 гигакалорияны құрайды. Қазіргі таңда соның 513-і ғана қолданыста. Мәселені шешу үшін қуаттылықты толық көлемде пайдаланбайтын объектілерден техникалық шарттарды кері қайтарып, оларды жаңадан салынып жатқан нысандарға бөліп бермек.
Тағы оқыңыз: Жемқорлардан алынған қаржыға 72 мектеп салынбақ