Петропавлда жасөспірімнен ақша бопсалаған 18 жастағы жігіт ұсталды. Оны Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары сауда үйлерінің бірінде қолға түсірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавл қаласының тұрғыны өзінің 17 жастағы ұлынан біреулер ақша бопсалап жүргені туралы полицияға арыз жазған. Айтуынша, олар баласына күш көрсетіп, 10 мың теңге талап еткен. СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері іздестіру шаралары барысында күдіктіні сауда үйлерінің бірінде ұстады. Ол 18 жастағы облыс орталығының тұрғыны болып шықты.
«Жеке басын тінту барысында одан 10 мың теңге ақша табылды. Оған қоса, пневматикалық тапанша, оқ пен пышақ және өсімдік тектес есірткіні қолдануға арналған полимерлі ыдыс тәркіленді. Аталған факті ҚР ҚК 194 бабының еікнші бөлімі «Бопсалау» бойынша тіркеуге алынды», — деп мәлімдеді СҚО ПД баспасөз қызметі.
Қазір полицейлер күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Тағы оқыңыз: Петропавл көшелерінің бірінен әйелдің денесі табылды