Облыстық әкімдікте өткен жиында өңір басшысы Петропавлдың тазалығына ерекше тоқталды. Ол шаһар басшысына қаланың ластанып кеткенін, қоқыстардың дұрыс шығарылмайтындығын айтты, деп жазады Qazaqstan Media.
Қазіргі кезде Петропавлда 21 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Яғни, осыншама бақылау техникасы облыс орталығындағы әр қозғалысты түсіріп алады. Бірақ, осыған қарамастан Петропавлда қоқыс шығару мәселесі күн тәртібінен түсер емес. Оны облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те көтерді.
«Облыстағы бейнекамералардың 49,9 пайызы облыс орталығында орнатылған. Бірақ, қаланы абаттандыру мәселесі шешілген емес. Маған полиция департаментінің бастығы заң бұзушылықтар бойынша жазбаларды жібереді. Қоқыс контейнерлері маңында камералар орнатылған. Бірақ, ашығын айтсақ, қала -лас. Мен тіпті, облыс орталығының тұрғыны ретінде бей-жай қарай алмаймын. Бізде тек орталық көшелерді ғана сыпырып, тазалай береді», — деді әкімдік отырысында Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сонымен қатар, өңір жетекшісі бұдан былай облыс орталығының кейпін бұзып, абаттандыру заңнамаларын бұзғандарға айыппұл салу керектігін айтты. Себебі, ереже бәріне бір, заң – ортақ. Бұл орайда полицейлер қырағылық танытып, қоқыс шығару талаптарын бұзған тұрғындарды дер кезінде анықтаулары қажет.
«Әр қоқыс жәшіктері қойылған алаңда бейнекамералар орнатылған. Осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа? Тек суретке түсіріп қоймай, оны анықтап, тауып, айыппұл салу керек. Бұл өзгелерге сабақ болады. Қай аулаға кірсеңізде қоқысқа тасталған жиһаз, ірі көлемдегі қалдықтарды көруге болады. Тазалық пен тәртіп орнатыңыздар. Тұрғындарды тазалақ сақтауға шақыру керек. Бұл қалада өзіміз тұрамыз ғой», — деді облыс әкімі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Үлгілі ауыл» атанған елді мекенге техника сыйланады