Былтыр СҚО-да алты мыңға жуық сәби дүниеге келген. Олардың 46-сын жасөспірім қыздар босанған. Кәмелетке толмағандар арасында жасанды түсік жасату фактілері де аз емес. Өңірде 2023 жылы 2188 әйел баласын алдыртып тасаса, олардың 14-і жасөспірімдер, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазіргі уақытта өңірде 10450 кәмелетке толмаған қыз бар. Олардың 38-і жүктілік бойынша мамандардың есебінде тұр екен. Өткен бес айда облыста жеті жасөспірім қыз ана атанған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының сөзінше, жалпы биыл өңірде әйелдер арасында жасанды түсік жасату азайыпты. Дегенмен, өткен бес айда 889 әйел баласын алдырып тастаса, олардың жетеуі кәмелет жасына толмаған қыздар.
«Қазақстанда қазіргі уақытта 20 миллионнан астам адам тұрады, оның 10 миллионнан астамы әйелдер. Елімізде 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің 17%-ы кем дегенде бір рет жүкті болған. Олардың 62%-ы босанса, 22%-ы жасанды түсікпен, 16%-ы өздігінен түсік тастаумен аяқтаған. Дегенмен, соңғы 5 жылда Қазақстанда қуантатыны жасөспірімдер арасындағы жүктілік азайды. Ерте жүктілік пен жасанды түсік жасату кәмелет жасқа толмаған қыздардың болашағы үшін өте қауіпті», — дейді мамандар.
Тағы оқыңыз:Петропавлда апатты деп танылған үйді бұзып жатқан жұмысшы үйінді астында қалды