Петропавл тұрғыны бауыр еті баласына алимент төлемемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ол баласына 2 766 387 теңге қарыз болып қалған, деп жазады Qazaqstan Media.
Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында баласына алимент төлемей жүрген азаматтың ісі қаралды. Ол табысы бола тұрса да, туған перзентінің алдындағы борышын орындауға асықпапты. Осылайша, оның алименті 2 766 387 теңгеге жеткен.
«Азамат П. өзінің алименттік міндеттемелері туралы біле отырып, үш айдан артық уақыт кәмелетке толмаған баласына алимент төлемеген. Сот бұйрығын орындау үшін ешқандай шара қолданған жоқ. Осылайша, оның алименттік төлем бойынша қарызы 2 766 387 (екі миллион жеті жүз алпыс алты мың үш жүз сексен жеті) теңгеге жеткен», — деп жазылған сот үкімінде.
Прокурор сотталушыны кінәлі деп тануды және бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындады, айыптауға қарсы болмай, бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады. Ал кәмелетке толмаған жәбірленушінің заңды өкілі прокурордың пікірімен келісті.
Жалпы сотталушы тұрғылықты жері бойынша теріс сипатталады. Бұрын осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін рақымшылыққа байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылыпты. Ол бала тәрбиесіне араласпайды екен.
Осының бәрін ескере келе сот, петропавлдықты кінәлі деп танып, оған бір жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық жастар қариялар мен мүгедектерге көмектесіп жүр