Солтүстік Қазақстан облысында теміржолшы екі аяғынан айырылды. Жұмыс барысында жарақат алған ер адам қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Оқиға Уәлиханов ауданында қарашаның 17-сі болған. Теміржол станциясында жұмыс істеп жүрген 39 жастағы Ақжар ауданы Талшық ауылының тұрғыны абайсызда пойыз астына түсіп, жарақат алған. Зардап шеккен ер адамды жедел жәрдем қызметі бірден Уәлиханов аудандық ауруханасына жеткізді.
«Жедел жәрдем қызметі келгенде жігіт ес-түссіз жатқан. Бірнеше дене жарақаты болды, екі аяғының сүйектері сынған. Ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді», — деп хабарлады СҚО жедел жәрдем қызметі.
Кейін белгілі болғандай, ауруханаға жұмысшы 17-ші қарашада сағат 18:45 түскен. Оның сол жақ жамбасының үштен бірі, оң жақ аяқ жілігінің төменгі жағы сынған. Бірден ота жасалып, екі аяғы тізеден жоғары кесілген. Қазір ер адам жансақтау бөлімінде жатыр.
«Жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Кей кездері есін жиғанмен, тілге келіп, жауап бере алмайды. Сұрақтарға тек басын изеп қана жауап береді. Пациент біздің жіті бақылауымызда», — деп нақтылады Уәлиханов аудандық ауруханасының дәрігерлері.
Тағы оқыңыз: Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық Петропавлға жеткізілді