Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй өртеніп, ТЖД қызметкерлері жеткенше от жақын маңдағы нысандарға да таралып кеткен. Салдарынан бүтін бір отбасы баспанасынан ғана емес, автокөлігінен де айырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Есіл ауданы Бесқұдық ауылында тұрғын үй өртеніп жатқандығы туралы хабар 112 нөміріне таңғы 4:12-де келіп түскен. Аудан орталығынан 56 шақырым жерде орналасқан елді мекенге өрт сөндірушілер жеткенше қызыл жалын жақын маңдағы нысандарға таралып, 140 шаршы метр аумақ лапылдап жанып жатқан.
«Көктайғақтың кесірінен аудан орталығынан шыққан ТЖД мамандары өрт болып жатқан жерге жылдам жете алмады. Ауылға бір сағатқа жуық уақыт жүріп барған. Біздің қызметкерлер жеткенде от лапылдап жанып жатқан. Салдарынан баспана күлге айналды. Сондай-ақ қора-қопсы мен гараж ішінде тұрған көлігімен жанып кеткен. Үй иелері дін аман. От 6:52-де ауыздықталып, 8:15-те толығымен сөндірілді», — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Әрине, аудан орталығынан ТЖД қызметкерлері келгенше, ерікті өрт сөндірушілер қызыл жалынмен күрескен. Алайда арнайы техникасыз үш адам лапылдап жанып жатқан отты ауыздықтауға қауқарсыз екені айтпаса да түсінікті.
Тағы оқыңыз: СҚО-ға сенат депутаттары келді