Солтүстік Қазақстанда жас көшеттер көп егілгенімен, олардың жерсінуін ешкім бақыламайды. Көгалдандыру жұмыстарындағы проблемаларды мәжілісте өткен жиында өңіріміз атынан сайланған депутат Еркебұлан Мәмбетов көтерді, деп жазады Qazaqstan Media.
Мәжілісте «Табиғат пайдалануды мемлекеттік реттеу және экологиялық бақылау мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шара барысында депутат Еркебұлан Мәмбетов экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа бірнеше сұрақ жолдады.
Ол жасыл желектерді кесу министрліктің бақылауында ма, осыған байланысты деректерді бере ала ма деп сұрады. Сонымен қатар, аталған сандар Солтүстік Қазақстан облысының мысалында орман қорын табиғи қалпына келтіру үшін сәйкес келе ме деген сауал қойды.
«Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жыл сайынғы кесу нормасы 650 мың текше метрді құрайды. Бірақ, орманды қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы бойынша проблемалар бар, атап айтқанда, көшеттердің әрі қарай жерсініп, өсіп кетуін ешкім бақылап отырған жоқ», — деп жазды өзінің әлеуметтік парақшасында депутат.
Отырыста министр бұл мәселені жеке бақылауына алып, орманды қалпына келтіру жұмыстарын қадағалау үшін тәжірибелі инспекторларды тартатындығына уәде берді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда түнгі клубқа барған 17 жасар баланы пышақтап кеткен