Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында қарттар күніне арналған айлық аясында салтанатты іс-шара өтті. Сәкен Сері атындағы аудандық мәдениет үйінде мерекелік концерт ұйымдастырылып, белсенді қариялар марапатталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Қарты бар үйдің —қазынасы бар» дейтін қазақ халқы үшін қашанда қариялардың орны бөлек болған. Сондықтан үлкен кісілерге әрқашан құрмет көрсетіп, төрден орын берген. Олардың жүріп өткен жолы жастарға үлгі. Көпті көрген көнекөз қариялар әлі күнге дейін жиған мол тәжірибелерімен бөлісіп, ел болашағы жастарға бағыт-бағдар беруге асық. Сол себепті, қарттар айлығы аясында Уәлиханов аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтіп, аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілді. Мұнда отасқандарына 50, 55, 60, 65 және 70 жыл болған ерлі-зайыптылар марапатталды. Сондай отбасылардың бірі — Шевченколар жанұясы. Николай Поликарпович пен Раиса Никитичнаның шаңырақ көтергеніне биыл 70 жыл толған.
«Николай Поликарпович 1929 жылы шілдеде дүниеге келген. Зейнетке шыққанға дейін комбинатта механизатор болып еңбек етті. Оның әйелі де сол жерде тігінші болып жұмыс істеді. Ерлі-зайыптылар үш баланы тәрбиелеп өсірді. Сегіз немересі мен 10 шөбересі бар», — деп хабарлады Уәлиханов ауданының әкімдігі.
Іс-шара барысында жарты ғасырдан астам уақыт бірге өмір сүрген алты отбасы құрмет-қошеметке бөленді. Оларға аудан әкімі Мұрат Абдуловтың естелік сыйлықтары мен алғыс хаттары табыс етілді. Аудан басшысы құттықтау сөзінде осындай отбасылық дәстүрлерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ аға буын өкілдерінің аудан дамуына қосқан үлесін айтып, оларға алғысын білдірді.
Бұл күні белсенді қарияларға басқа да марапаттар табысталды.
«Ауданның Құрметті азаматы Сансызбай Қалиев Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың алғыс хатымен марапатталды. Ал ауданның Құрметті азаматы Бауыржан Тастұбаев «Елеулі еңбегі үшін» медалін алды. Бұл олардың көпжылдық еңбегі мен өңір дамуына қосқан үлестері үшін көрсетілген құрмет», — деп атап өтті аудандық әкімдіктегілер.
Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге қосқан елеулі үлесі үшін запастағы капитан Нөгербек Валеев те марапатталды.
«Нөгербек Жақыпұлы Көкшетау мемлекеттік университетін «ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру» мамандығы бойынша бітірген. 1975-1982 жылдар аралығында ол армия, авиация және Әскери-теңіз күштерін ілгерілетудің бірыңғай Бүкілодақтық ерікті қоғамның төрағасы болды. 1997-2008 жылдары Уәлиханов ауданы бойынша қоршаған ортаны қорғаудың мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді. 2009-2018 жылдары Петропавлдағы «Эко сервис» ЖШС бас маманы болды. Ал 2018 жылы ол құрмет демалысына шықты», — деді Уәлиханов ауданының әкімдігінде.
2000 жылдың 2 қыркүйегінде Нөгербек Валеев Әскери Даңқ орденімен марапатталды.
Ресми бөлімнен кейін көрермендерге Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының үздік ұжымдары өнер көрсетті. Жиынға келген аға буын өкілдері үшін мұндай шаралардың маңызы зор. Олар бір-бірімен сөйлесіп, естеліктерімен бөліседі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да үздік әлеуметтік қызметкерлер марапатталды