Солтүстік Қазақстанда дәрігерлер бірнеше пышақ жарақатын алған ер адамды құтқарып қалды. Ота жасау кезінде хирургтер 17 жараны тіккен, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына бірнеше жерден пышақ жарақатын алған 38 жастағы ер адам түседі. Науқас өте ауыр жағдайда болғандықтан ол шұғыл түрде операция бөлмесіне жеткізілген. Хирургтер Алексей Сынтинмен Евгений Шевченко, анестезиолог Эльдар Рамазанов екі сағат бойы жігітке операция жасады.
«Дәрігерлер оң жақ бүйіріне торакотомия жасады, плевра қуысынан екі литр қанды алып, тазалады, жараны тікті. Содан кейін сол жаққа дәл осындай манипуляциялар жасалды. Науқастың өкпесі, кеудеқуысы, басы, мойны мен омыртқасы және желке маңайында жарақаттар анықталды. Хирургтер тамырларды буып, 17 жараны тікті, осылайша пациенттің өмірін аман алып қалды», — деп жазылған аурухананың парақшасында.
Ер адам операция аяқталғаннан соң жансақтау бөліміне жатқызылды. Төрт күн өткеннен кейін пациенттің жағдайы тұрақталып, хирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Қазіргі кезде ер адам ауруханадан шығарылды. Ол амбулаторлық ем қабылдауда.
Тағы оқыңыз: Петропавлда тағы екі жайлы мектеп тұрғызылады