Петропавлда дәстүрлі күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған аудандардың тауар өндірушілері мен Петропавлдың кәсіпорындары қатысты. Қала тұрғындары мен қонақтарына 100-ден астам тауар түрі ұсынылды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Сағат таңғы сегізден бастап М. Жұмабаев көшесі бойында орналасқан сауда алаңдарына халық ағылуда. Тұрғындардың көбі жұмысқа дейін жәрмеңкеден таза, табиғи өнім сатып алуға асық. Ал ең бастысы мұндағы тауар бағасы 15-20 пайызға арзан. Мысалы, тұрғындардың сұранысына ие сиыр етінің бір келісі 2200 теңге, жылқы еті — 2700, сүттің литрі — 250 теңге, картоп -100 теңгеден саудаланды. Оған қоса, бірінші сұрыпты ұнның келісі — 170 теңге, жұмыртқаның он данасы 480 теңгеден сатылды. Барлығы 100-ден астам тауар түрі ұсынылды.
«Жәрмеңкенің ұйымдастырылғаны жақсы болды. Мен жұмысқа бара жатырмын. Ертерек келіп, міне жұмыртқа алдым. Бағалары шынымен де төмен екен. Сатушы қыздар да сыпайы. Биылғы жәрмеңке ұнады. Қазір етті барып көремін», — дейді қала тұрғыны Гүлнәр Ахметжанова.
Лидия Гормончукова да жәрмеңкелерге үзбей келіп, арзан әрі сапалы өнімді алуға тырысады. Осы жолы да ертесімен алаңға келген.
«Мен құрбыммен келіп, бес орамжапырақ, жұмыртқа алдым. Ол ет сатып алуға кезекте тұр. Өзіме мұндай жәрмеңкелер ұнайды. Табиғи өнім сатып алуға мүмкіндік бар. Мен әлі барлық сөрелерді аралап үлгерген жоқпын. Мүмкін тағы сауда жасайтын шығармын», — деді қала тұрғыны.
Петропавл тұрғындары мен қонақтарына 100-ден астам кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды. Оның ішінде ет, сүт, ұн өнімдері, көкөністер бар. Барлығы 1207 тонна өнім саудаға шығарылған.
«Біз Жамбыл ауданы Кладбинка ауылынан келдік. Сиыр, қой етін әкелдік. Жалпы 1,5 тонна ет жеткізілді. Орташа баға 2000-2100 теңге. Осындай жәрмеңкелерге екінші жыл қатарынан қатысып жатырмыз. Сауда басталғаннан бері жартысына жуығы сатылып кетті. Етке сұраныс жақсы», — деп отыр «ГК-ДОРСТРОЙ» ЖШС өкілі Нұрлан Нұртазин.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің өту барысын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те бақылады. Ол сауда нүктелерін аралап, халықпен тілдесті.
Ал Жұмысшы кентіндегі Космонавттар көшесі 79/1 мекенжайында үй жануарларына арналған жем-азық сатылып жатыр.
Тағы оқыңыз: Кісі өлтіруге оқталған петропавлдық Арменияда ұсталды