Петропавлдық Болат Қанафин қазақтың ұлттық аспабы домбыраны түрлендіріп, электрондық нұсқасын жасап шығарған. Бүгіндері жерлесіміз миди домбыра синтезаторын патенттеп те үлгерген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қазақтың ұлттық аспабы, қос ішекті домбыраны заманауи үлгіде жасап шығарған Болат Қанафин Жамбыл ауданындағы Баян ауылында дүниеге келген. Бала кезден өнерге жақын болып өскен ол Ресейдің Тула қаласында музыкалық білім алған. Кейін аспирантураны Алматыда оқыған. Сол кезде оның дипломдық жұмысы осы домбыраны түрлендіруге арналыпты. Бірақ 90-шы жылдардың тоқырау кезеңінде оның жоспары өзгеріп, жеке кәсіпке бет бұрады. Кейін зейнетке шыққасын домбыраның электронды түрін жасауды қолға алған.
«Менің анам керемет музыкант болатын. 12-13 жасымда фортепиано ойнап үйренгім келді. Бірақ маған саусақтарың қысқа деп, оқуға алмай қойды. Сол кезде анам «шамаң келсе қазақтың домбырасын шертіп үйрен. Оны меңгеру жеңіл, түрлі әуенге, ырғаққа сала аласың», деген еді. Сол кезден мен ұлттық аспапты түрлендіруді армандадым. Міне, сол мақсатыма жетіп, миди домбыра синтезаторын ойлап таптым. Оны патенттеп алдым. Мұндай музыкалық аспап әлі жоқ. Бұл — менің идеям», — дейді электронды домбыраның авторы.
Болат Қатауұлының мақсаты – ұлттық домбыраны, қазақтың әуенін насихаттау. Өзінің туындысын ол – миди домбыра синтезатор деп атаған, қысқаша МДС-1. Түрленген аспап та қос ішекті, бірақ пернелерінің орнына батырмалар қойылған. Ол домбырадан түрлі дыбыстарды шығару үшін қажет. Себебі, МДС-1 арқылы әртүрлі аспаптардың үнінде ойнауға болады.
«МДС арқылы орган, фортепиано, флейта, гитара, мандолина, виолончельдің, тіпті барабанның дыбысын шығаруға болады. Сондай-ақ олардың үнін құбылтуға болады. Оған қоса, электронды домбыраға флешка және радио да орнатылған. Миди домбыра компьютерге де қосылады. Бұл көне домбыраның түрленген түрі», — деп отыр Болат Қанафин.
Жаңа домбыраның диапазоны кең, симфония оркестрінің диапазонымен тең. Төменгі және ең биік ноталарды ала алады екен. Сондықтан оны «домбыра- оркестр» деп те атауға негіз бар.
«Мен күн-түн демей талай жылдар бойы осы домбыраны ойлап шығару үшін тер төктім. Талай техникалық сараптамалар, эксперименттер жасадым. Түрлі радио детальдарын пайдаландым. Төрт жарым жыл ішінде толықтай МДС ойлап шығардым. Аспаптың грифіне 44 батырманы орнатып, оларды электро схемалар, сымдар арқылы байланыстырдым. Сегіз дыбыс генераторы қойылған. Домбыра тоғыз вольттық тоқ арқылы жұмыс істейді. Домбыраның шанағына дыбыстарды реттейтін пернетақтаны шығардым», — дейді МДС аспабының қысқаша жұмыс істеу принципін айтқан авторы.
Болат Қанафин домбыраның сыртқы ою-өрнегіне дейін өзі ойлап шығарған. Әзірге, жерлесіміз электронды аспаптың үш данасын жасаған. Оның әрқайсысын түрлендіріп отыруға тырысады. Енді төртіншісін шығару жоспарда тұр. Онда батырмалары, яғни пернелердің орнына сенсорлы экран орнатылмақ.
Сонымен қатар, жерлесіміз Миди домбыра синтезатор шығаратын кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: Ақжар ауданында көпбалалы отбасыларға жаңа үйлердің кілті табысталды