Солтүстік Қазақстан облысында маусым айында бүтін бір отбасы астан уланып, екі бала көз жұмған болатын. Аталған фактіге қатысты полицейлер қылмыстық іс қозғады. Алайда қылмыс құрамының жоқтығынан іс тоқтатылған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Астан уалану фактісі Қызылжар ауданы Надежка ауылында болған еді. 13-ші маусым күні отбасы мүшелері өздерін жайсыз сезініп, ауылдағы медициналық маманға жүгінген. Ол алғашқы көмек көрсетеді. Ал таң ата аталмыш жанұядан қайта шақырту түседі. Ол кезде үйдің кенжесі, үш жасар бала қайтыс болған. Ал 10 және алты жастағы екі баламен анасы жедел түрде облыс орталығына жеткізілді.
Алайда дәрігерлер алты жастағы қыздың өміріне де араша бола алмаған. Дәрігерлер оларға астан уланған деген диагноз қойды. Осы факті бойынша полиция департаменті «абайсызда адамдардың жаппай улануына әкеп соққан және абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерді бұзу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Мамандар бірден түрлі сараптамалар алып, тергеу амалдарын жүргізді. Кейін белгілі болғандай қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған.
«Қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Осы қылмыстық істен жеке іс жүргізуге материалдар бөлініп, ҚР ҚК 317-бабының 4-бөлігі бойынша «екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу жүргізілуде», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Яғни, іс ауылдағы медициналық маманға қатысты қозғалып отыр. Ол бұл оқиғадан кейін тамыз айында өз еркімен жұмыстан шығып кетіпті.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ауылда жұмыс істейтін бес мың маман әлеуметтік төлемнен қағылған