Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілген әлеуметтік проблемаларға мониторингтер және сыртқы талдаулар жүргізілген. Нәтижесінде бірнеше олқылықтың беті ашылды. Мысалы, қандастарға заңсыз көтермеақы төленген. Сондай-ақ мүгедектерге арналған таксиді заңсыз пайдалану және ишира (ымдау) тілінің мамандарына атқармаған қызметтері үшін ақша төленіп келген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО департаменті әлеуметтік қорғау саласында ішкі анализ жүргізген. Ішкі талдау барысында гранттарды беру, жұмысшылардың еңбекақысын төлеу, жұмыс орындарын субсидиялау және инватакси мен ишара тілі қызметін пайдалану тұстары тексерілді.
«Жүйелі түрде орын алған жағдайларға тоқталайық. Бірінші, ол кәсіптік оқуды жалған түрде ұйымдастыру. Оқып шыққан азаматтар жұмыспен қамтылмаған. Жауапты органның мәліметінше, 2023 жылдың шілдесінен жұмыс берушілермен 77 жұмыссыз кәсіптік оқудан өткен. Бірақ, тұрақты еңбекпен тек 56 адам қамтылыпты. Қалғандары жұмыссыз. Олардың оқуына деп бюджеттен 6,6 млн теңге бөлінді. Оның 3,7 млн теңгесі жұмыссызға, 2,9 млн теңгесі жұмыс берушіге тиесілі. Оқу барысын жұмыс берушінің аумағында болғандықтан, жалған оқу ұйымдастыру мүмкіндігі бар», — деді өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.
Оған қоса, өңірде мүгедектерге арналған таксиді қағаз жүзінде пайдаланып, қызмет бағасын қымбаттату фактісі де анықталды. Ол 55,7 млн теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, ишара тілі қызметін жалған пайдалану арқылы мемлекетке 8 млн теңге шығын келтірілген. Мұндай өтірік қызметтерді Петропавл қаласы, Мамлют және Жамбыл аудандарының жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырған. Олар бұл соммаға 126 рет қызмет көрсетілді деп жазыпты. Ал шындығына келсек, бұл кезде мамандар немесе мүгедектер елден тыс жерде болған.
Қазіргі кезде ақшаны бюджетке қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Тағы бір жалған келісімдер қандастар мен оңтүстіктен көшіп келген азаматтар арасында жасалған. Мысалы, М. Жұмабаев ауданында әскерде жүрген азаматпен пәтерді жалға беру бойынша келісім жасалыпты. Оның сомасы 414 мың теңгені құрайды. Дәл осындай оқиға Петропавл қаласында да орын алған», — деді спикер.
Департмент мамандарының араласуынан кейін ақша қазынаға қайтаралыпты.
Тағы оқыңыз: СҚО – да қыс қарлы, аязды болады