Астанада СҚО-ның ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

Алдағы демалыс күндері Солтүстік Қазақстан облысының тауар өндірушілері Астана қаласында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысады. Бұл жолы өңірден елордаға 735 тонна өнім жеткізілмек, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі бас қалада 21-ші қыркүйекте басталып, әр демалыс сайын өткізіліп келеді. «Қазанат» ипподромында ұйымдастырылған шараға осыған дейін Ақтөбе, Атырау және Жамбыл облыстарының тауар өндірушілері қатысып, өз өнімдерін саудалаған болатын. Енді кезек солтүстікқазақстандық тауар өндірушілерге келіп жетті. Қазанның 19-20 күндері елордалықтарға өз өнімдерін Солтүстік Қазақстаннан баратын 110-нан астам кәсіпорын ұсынбақ. Астанаға өңірден қой, сиыр, жылқы, шошқа еті мен шұжықтар жеткізіледі. Сондай-ақ сауда сөрелеріне көпшілік сүйіп ішетін айран, қымыз, сүт және сүт өнімдері қойылады. Оған қоса, өңіріміздің омарташылары түрлі бал өнімдерін де саудалауды көздеп отыр.

«Астаналықтар солтүстіктің ұны мен нан-тоқаш өнімдерін де сатып ала алады. Картоп, сәбіз, қырыққабат секілді көкөністер де сөрелерге қойылатын болады. Бұл күні облысымыздың тауар өндірушілері бас қалаға 735 тонна өнім апарады және оның бағасы нарықтағыдан 10-15 пайызға арзан болмақ», — деп хабарлады облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі.

Бұл күні Астана қаласының тұрғындарына өз өнімдерін қарағандылық және шығысқазақстандық тауар өндірушілер де ұсынады. Айта кетейік, елордадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 27-ші қазанға дейін әр демалыс сайын өткізіледі.

Тағы оқыңыз: СҚО ауыл шаруашылығы басқармасына жаңа басшы келді

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x