Облыстық қуыршақ театрына – 35 жыл

Облыстық қуыршақ театры 35-ші маусымының ашылуына дайындалып жатыр. Өңірдегі жалғыз балалар театры кезекті маусымын 18-ші қазанда, премьерамен ашатын болады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Солтүстік Қазақстанда қуыршақ театрының шымылдығы алғаш рет осыдан 35 жыл бұрын ашылған. Сол кезден бастап, сәтті жұмыс істеп келе жатқан балалар театры 10-ға жуық түрлі мемлекеттерде ұйымдастырылған фестиваль, байқауларға қатысып, жүлдегер атанып үлгерді. Ал биылғы, 35-ші театр маусымын премьерамен ашпақшы.

«18-ші қазан күні маусымның ашылуы болады. Бұл біздің ұжым үшін өте маңызды. Себебі, театрымызға 35 жыл және театрда жұмыс істейтін актеріміз, Мәдениет саласының үздігі Айгүл Хасенованың сахна төрінде жүргеніне 25 жыл. Сол кісінің бенефисін жасайтын боламыз. Маусым шымылдығын Борис Ходыревтің «Благодарный журавль» қойылымымен ашамыз. Айгүл Хасенова басты рөлде ойнайды. Бұл тек балалар үшін ғана емес, отбасымен келіп тамашалауға болатын қойылым», — дейді облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Айбол Қасым.

Биылғы маусымда театр ұжымы көбірек премьера қоюды мақсат етіп отыр. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі фестиваль, байқауларға да өтініштер жолдап жатыр екен. Себебі, 35 жылдық тарихы бар қуыршақ театрының көрерменге ұсынатын ескі де, жаңа да қойылымдары әзір.

«Қуыршақ театрының ішінде «бэби театры» бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Ол алты айлық балалардан бастап 2-3 жастағы балаларға дейін арналған. Сондағы «Жук, паук, и бабочка» қойылымы сәтті шықты. Ол 25 минутқа шақталған. Көлеңкелі қойылым. Одан кейін Ресейде ең көп сұранысқа ие болған «От рассвета до заката» деген қойылым. Ол Қазақстанның тарихына арналған. Сахнаға көрермендер бірге шығады. Бірақ қойылымды 10 көрермен ғана тамашалайды. Олар 50 минут ішінде еліміздің тарихымен танысады», — дейді Айбол Қасым.

Аталмыш қойылымның тұсауы төрт жыл бұрын кесіліпті. Мәскеуге барған гастрольдік сапар барысында театр труппасы бұл спектакльді бес күн қатарынан күніне бес реттен сахналаған екен. Алайда, неге екені белгісіз, біздің елде оған қатты сұраныс болмаған.

Маусым шымылдығы ашылғаннан кейін актерлер жаңа жылдық ертеңгіліктерге дайындықты бастамақшы. Оған қоса СҚО ТЖД тапсырмасы бойынша екі тілде қойылатын «Тоқта қауіп» қойылымымен облыстың мектептеріне баруды жоспарлауда. Айта кету керек, биыл облыстық қуыршақ театры ұжымына екі жас актер келген.

Тағы оқыңыз: Көрші облыста есірткі жасырумен айналысқан екі солтүстікқазақстандық ұсталды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x