Үш айдан астам уақыттан бері басшысыз отырған СҚО қорғаныс істері департаментін енді Ернар Мейірханов басқарады. Астанадан келген полковник ұжымға бүгін таныстырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің бұйрығымен Ернар Мейірханов Солтүстік Қазақстан облысы қорғаныс істері департаментінің бастығы болып тағайындалды.
Ернар Сәрсенбайұлы 1982 жылы Талдықорған қаласында туған.
2003 жылы Алматы жоғары әскери училищесін тәмамдады. Әскери қызметті Қапшағай қаласы әскери бөлімінің десанттық-шабуылдау взводының командирі қызметінен бастады.
Әр жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданы қорғаныс істері басқармасының бастығы болған. Кейін Ақмола облысы қорғаныс істері департаменті штабының бастығы қызметін атқарды.
Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің аға офицері болған.
Еске сала кетейік, осыған дейін департаментті басқарған Еркеш Бекбаев маусым айының соңында парамен ұсталған болатын. Ол кадрлық мәселелерді шешкені үшін 700 мың теңге алған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 193 қызға адам папилломасы вирусына қарсы вакцина қойылды