Петропавлда референдум учаскелеріне ерте келген тұрғындарға сыйлықтар берілді. Мысалы, № 959 референдум учаскесінде алғашқы он азамат сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Нелли Иванова ерте тұрып, азаматтық міндетін орындауға келген. Себебі, ел болашағына бейжай қарамайтын кез келген тұрғын бұл күні өз таңдауын жасауы керек дейді қала тұрғыны.
«Мен сайлау болсын, референдум болсын барлығына қатысуға тырысамын. Себебі, үкімет бізге таңдау жасауға мүмкіндік беріп отыр. Референдумға қатысу әр адамның азаматтық борышы деп білемін», — деп өз ойымен бөлісті зейнеткер.
Нелли Иванова № 959 референдум учаскесіне тіркелген. Ол учаскенің ашылуын күтіп, таңғы 7.00-де таңдауын жасады. Аталмыш учаскіде 1265 тұрғын тіркелген.
«959-шы учаске жұмысын заңға сәйкес, сағат жетіде бастады. Тіркелген тұрғындардың сегізі үйде дауыс беруге ниет білдірді. Бес мүгедек адам тіркелген. Олар үшін жағдай жасалды. Мүгедектер арбасы жүретін пандус, көздері нашар көретін жандар үшін ұлғайтқыш әйнектер қойылды. Ал түстен кейін комиссияның екі мүшесі тасымалдау урналарымен үйлерді аралайтын болады», — деді № 959-шы референдум комиссиясының төрағасы Қанат Сәдуақас.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жүкті әйелдер мен жас аналар референдумға қатысты