Петропавлда кәсіпкер мен оның отбасы мүшелерін өлтірді деп айыпталып отырған үш азаматқа қатысты сот отырысы жалғасуда. Қазір күдіктілерден жауап алынып жатыр. Кезекті процесс барысында айыпталушылардың бірі сот тәртібіне бағынбай, былапыт сөздер айтқаны үшін сот залынан шығарылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өткен сот отырысында бүтін бір отбасын өлтірді деп айыпталып отырған Сергей Емельянов пен Ирина Скоробогатовадан жауап алынды. Ал бұл жолы кезек Данил Орловқа келіп жетті. Күдікті ең алдымен Сергей Емельяновпен қалай танысқандарын айта бастады. Және одан қорқатындығын жасырмады. Себебі, осыған дейін абайсызда адам өлтіргені үшін түрмеде отырып шыққан Емельянов оған қылмыс әлемінде тыныстары барын айтқан. Осы сөздерді естіген Сергей Емельянов Орловтың жалған сөйлеп жатқандығын айтып, шу шығарды. Сот оған ескерту жасағанымен ол қоймады. Кейін Орловтың қорғаушысы онсыз да кекештеніп, тұтығып сөйлеп тұрған айыпталушының мұндай қысымнан мүлдем сөйлей алмай қалатындығын айтып, Емельяновты сот залынан шығаруды талап етті.
Қысым көрсетілуде
«Менің клиентім бәрін мойындағандықтан Сергей Емельяновтың тарапынан үнемі қысым көрсетілуде. Ол тіпті талай рет Орловты және оның жақындарын өлтіремін деген. Ал бірде оған хат та жазып жіберген. Онда Емельянов, өзінің түрмеден міндетті түрде шығатындығын айтқан. Және Иринаны (Скоробогатова) соңынан тартпауды сұраған. Орловқа көмектесетіндігін жазыпты», — деді Данил Орловтың қорғаушысы Сергей Семейский.
Осыдан кейін мүлдем ашуға мінген Сергей Емельянов Орловқа былапыт сөздер айтып, залдан қуылды.
Кейін Орлов өз әңгімесін жалғастырды. Емельянов оған өзінің жасаған қылмыстары туралы айтып, талай рет мақтанған. Ол адамдарды қалай қорқытып, олардың дүние-мүлкін өз атына түсіріп, кейін өлтіргенін айтқан. Тіпті, осындай жолмен Ирина Скоробогатоваға тиесілі бизнесті де тартып алмақшы болған. Кейін бір фирманы иемденіп, Орловты өзінің орынбасары етуге де уәде етіпті.
Қайғылы оқиға болған күн
Ал қайғылы оқиға болатын күннен бір күн бұрын Емельянов Орловқа Вадим Приходченкомен сөйлесіп, тендерді беруін талап етпекші болған. Ол бұл туралы ешкімге айтпауды өтінген. Ал желтоқсанның 27-сі күні олар көлікте киімдерін ауыстырып, Приходченко тұратын жаққа қарай бет алған.
«Мен оның қай жерде тұратындығын білген жоқпын. Емельянов өзі жол көрсетіп отырды. Үйге жақындай бергенде Вадим Приходченконың көлікке отырып кетіп бара жатқандығын көрдік. Бірақ Емельянов оларды тоқтатуға тырыспады. Кейін олардың үйіне келіп, қоршаудың есігін тартты. Жабық болған соң үйдің арғы жағынан кіруге болатындығын айтты. Сосын медициналық резеңке қолғап киіп, маған да берді. Сөйтіп, біз үйге кірдік», — деді айыпталушы Данил Орлов.
Осы кезде оның сөзін қорғаушысы бөліп жіберді. Ол Орловтан неге бұрылып кетіп қалмадың? Неге оның айтқанын істедің? Бұл не үшін керек деген ой туындамады ма деп сұрады.
«Ол осыған дейін бір адамды бауызап өлтіргенін айтты. Сондықтан мен қорыққанымнан ештеңе сұрағым келмеді. Барлығымыздың өмір сүргіміз келеді ғой», — деді Орлов.
Баспанаға бірінші болып Емельянов кірген. Сол кезде алдынан Вадим мен Юлияның ұлы шыққан. Ол амандасып, бұлардың кім екендіктерін сұраған. Ал Сергей оған жауап берместен оны ұрып жіберген. Есінен танып қалған жасөспірімнің басына Емельянов күрте байлап, Орловқа жіп ізде деген. Сосын оны жатын бөлмелердің біріне апарып тастаған.
«Юрий өзіне тиіспеуді өтінді. Телефон берсе, әкесіне қоңырау шалатындығын және бағалы заттардың қайда жатқандығын айтты. Сосын біз ол айтқан жерден алтын бұйымдарды алдық. Ал Емельянов компьютердің маңына барып, сол жерде бірдеңе іздей бастады. Кейін Сергей екі балға тауып алып, маған көрсетті. Осы сәтте біз көліктің келгендігін байқадық. Ол менің қолыма бір балғаны ұстатып, тығыл деді. Ең алдымен үйге Вадим Приходченко кірді. Аяқ киімін шешіп, ас бөлмеге кірді. Осы кезде Емельянов маған шық деп ымдады. Мен бармаған соң өзі ас бөлмеге барып, Вадиммен сөйлеспестен басынан балғамен ұрып қалды. Осы кезде Юлия кіріп, шыңғыра бастады. Емельянов маған оның ауызын жап деп бұйырды. Мен қолымдағы балғаны жерге лақтырып жіберіп, оның ауызын жай ғана қолыммен басып тұрдым», — деп баяндады айыпталушы.
Ал Вадим Приходченко аяққа тұра бастағанда Сергей Емельянов оны балғамен тағы бірнеше рет ұрған. Сосын Емельянов Юлияның қасына келіп, бас киімімен көзін жауып тастады.
«Юлия өзін жіберуді өтініп, ешкімге ештеңе айтпаймын деді. Мен де Сергейге тиіспе дедім. Бірақ Емельянов тыңдамай, ас үйден пышақ алып келді. Осы сәтте Вадим есін жиып бірдеңе деп айта бастады. Емельянов маған оны өлтір деп бұйырды. Бірақ мен олай істей алмаймын деп басқа бөлмеге кетіп қалдым. Сол кезде Сергей Юлияны бауыздап тастады. Мен басқа бөлмеде болсам да дыбыстары естіліп жатты. Осы кезде Емельянов мені шақыра бастады. Кетейін десем, мені де бауыздап тастай ма деп қорықтым. Сосын ас үйге бардым. Айнала қан-жоса болып жатыр. Емельяновтың қолында пышақ болды. Ол мен Вадимді, ал сен ұлын өлтір деді. Мен балға ұстап, жатын бөлмеге бардым. Юрийді бір рет ұрып қалдым. Бірақ соққының қай жерге тигенін аңғармадым. Осы кезде Емельянов маған дұрыс ұрып жатқан жоқсың деп балғаны жұлып алып, іске өзі кірісті. Ал маған киім дайындай бер деді. Содан мен кетіп қалдым», — деп толықтырды Данил Орлов.
Вадим Приходченконың қасынан өткен Орлов оның да бауыздалғанын байқаған. Айналаның барлығы қан болған. Кейін олар киімдерін ауыстырып, пышақ пен балғаны пакетке салып үйден шығып кеткен.
Жұмысшы кентіндегі көпірдің қасына келе бергенде Емельянов пакеттегі пышақ пен балғаны лақтырған. Кейін өзі киіп кеткен Вадим Приходченконың курткасын да сол жерге тығып кеткен.
«Ол мені үйге апарып тастап, бізді бәрібір табатындығын айтты. Сондықтан бала-шағаңмен қоштасып кел деді. Шығып бара жатқанда ол Приходченконың үйінен алып кеткен 27 мың теңге ақшаны ұстатты. Ал ұрланған алтын, өзге де нәрселер оның көлігінде қалды. Мен үйге келіп, әйеліме шет-жағасын айттым. Ал 40 минут өткеннен кейін Сергей келіп, маған далаға шық деді. Қасында Ирина Скоробогатова болды. Ол маған бар кінәні өз мойыныңа ал. Сені көп уақытқа отырғызбайды деп сендірді. Кейін көлікке отыр, қазір саған барлығын түсіндіреді деді. Машинаға отырғанда менімен Ирина ғана сөйлесті. Ол Емельянов бостандықта қалуы керек, оның құқық қорғау органдарында таныстары және ақшасы бар деді. Мен келістім, таңдауым да болмады», — дейді Данил Орлов.
Содан кейін қылмысты жасыру үшін Сергей Емельянов үйді өртеп жіберуді ұсынған. Сөйтіп, олар тағы да қылмыс болған жерге барған. Осы кезде Орлов бар кінәні өз мойнына алатындығын, үйді өртемей-ақ қоюды өтінген. Сөйтіп, екеуі келісіп, үйлеріне тарасқан. Таңертең олар түк болмағандай жұмысқа барған. Ал түскен кейін Данил Орловты полиция қызметкерлері ұстап алып кеткен. Бас кезінде ол ештеңе айтпаған. Кейін ғана оқиғаның қалай болғандығын жеткізіпті.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда референдум күні уақытша мекенжайға тіркелуге болады