Мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру керек – Президент

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының екінші республикалық форумында сөз сөйледі. Ол халық қалаулыларының  құзыреттілік деңгейін жүйелі түрде арттыру қажет екенін айтты,  деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Қазіргі кезде елімізде облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған – 434 адам депутат атанды. Бұл сандарды форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаев келтірді. Президент ендігі кезекте халық қалаулыларының біліктіліктерін арттыру керек дейді.

«Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет», — деді Президент.

Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың халық алдында беретін есептеріне де тоқталды. Айтуынша, көбі формальді түрде өтеді.  Сайлаушылармен кездеспес бұрын оған тыңғылықты дайындалуға кеңес берді. Депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы жан-жақты хабардар етуге тиіс.

«Мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды»,  — деді өз баяндамасында мемлекет басшысы.

Тағы оқыңыз: Петропавлда 44 жастағы әйелдің денесі өз пәтерінен табылды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x