Уәлиханов ауданы әкімдігінің мектеп директорларының және білім беру ұйымдарының әлеуметтік-психологиялық қызметінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Талғат Сағитов төрағалық етті. Жиынға прокуратура өкілдері мен аудандық аурухананың мамандары да қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Уәлиханов ауданында алқалы жиын ұйымдастырылды. Онда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Жалпы, қазіргі кезде ауданда тиісті шаралар қолға алынып, мұндайға енді жол бермеу үшін жұмыс күшейтілген. Мұны жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары айтып өтті.
«Аталған жағдайдан кейін әрбір білім беру мекемелерінде мектеп әкімшіліктері көпбалалы, толық емес, қолайсыз, әлеуметтік осал отбасылармен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша өз жұмыстарын күшейтуге тиіс. Сондықтан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қоғамдағы басты міндеттердің бірі болып отыр», — деді аудан әкімінің орынбасары Талғат Сағитов.
Жиналысқа қатысқан педагогтардың алдында аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары аудандағы жасөспірімдердің қатысумен және оларға қатысты болатын қылмыстар жайында, профилактикалық іс-шаралар туралы баяндады. Биыл жыл басынан отбасылық жанжалдардың азайғаны байқалады. 2023 жылдың үш айында 54 факті тіркелсе, 2024 жылы 40 жағдай анықталған.
«Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Оған тәртіп сақшыларымен қатар, басқа да мемлекеттік орган өкілдері қатысады. Оның барысында құқық бұзушылықтың осы түріне бейім адамдар арасында түсіндіру және жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Бізде отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болған адамдар үшін сенім телефоны бар. Бұдан басқа, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық фактілері бойынша куәгерлердің хабарламалары қабылданады. Әр қоңырау басшылықтың жеке бақылауында. Мәселен, 2024 жылдың тамыз айында Бидайық ауылында көкпар жарысында кәмелетке толмаған бала қамшымен соққы алған. Осыған қатысты баланың анасы ҚР ҚК 109-бабы бойынша арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды», — деді өз баяндамасында Уәлиханов аудандық ПБ бастығының бірінші орынбасары А. Тілеубаев.
Сондай-ақ Уәлиханов ауданының жалпы білім беру мекемелерінің 9-11 сынып қыздарымен ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбы бойынша әңгімелер өткізілді. Аудандық аурухана басшылығы берген мәліметке сүйенсек мұнда жасөспірім қыздар арасында жүктілік тіркелмеген.
Сонымен қатар жиында Қайрат және Өндіріс орта мектептерінің директорлары есеп берді. Олар оқушылармен, ата-аналармен бірлесе атқарылып жатқан іс-шаралар жайында айтты. Қазіргі кезде ұстаздар мен ата-аналар арасында тығыз қарым-қатынас орнапты. Балалар үшін де түрлі үйірмелер ашылып, олардың бос уақыттарын тиімді өткізу үшін жағдайлар жасалып жатқан көрінеді. Мектептегі буллингке де аса көп мән беріледі. Соның нәтижесі болар, Қайрат орта мектебінде қылмыс жасаған жасөспірім жоқ екен.
«Кайрат орта мектебінде бүгінгі күні қылмыс жасаған балалар жоқ. Полиция есебінде кәмелетке толмаған балалар тіркелмеген, жайсыз отбасылардан яғни ата-анасы алкогольді сусын ішетін отбасылардан шыққан балалар жоқ. Өмірлік қиын жағдайда жүрген, наркологияда есепте тұрған балалар анықталмады. Жазғы уақытта жол-көлік апатынан, өрттен, су құрбаны болғандар арасында кәмелетке толмаған балалар тіркелмеді. Бала тәрбиелеп отырған өгей әкелер, жүкті қыздар мен хиджаб, орамал киетін оқушылар жоқ. Дегенмен, мектепте ата-анасы ажырасып, балаларына көңіл бөлмейтін, ата-әжесінің тәрбиесінде қалған оқушылар бар», — деді мектеп директоры Сандуғаш Исабекова.
Олармен мектептің әлеуметтік ұстазы, психолог мамандары әрдайым тығыз байланыста екен. Өндіріс орта мектебінде де оқушы-ата-ана-мұғалім байланысы орныққан. Жасөспірімдерге қатысты құқықбұзушылық пен буллингтің алдын алу мақсатында арнайы кеңес құрылды. Арнайы жоспар бекітіліп, сауалнамалар жүргізілген. Білім ордасында «Әжелер кеңесі» жұмыс істейді. Олар бала тәрбиесіне белсенді араласып, тіпті ұстаздармен бірге кешкі рейдтерге де шығады екен.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда патрульдік полиция қызметкерлеріне ишарат тілін білу міндеттелді