Оқушылар арасында суицидтің өсуіне байланысты, 23-27 қыркүйек аралығында еліміздің барлық мектебінде ата-аналар жиналысы өтеді. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі ресми сайтында хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Министрлік мәліметінше, жиналыста ата-аналардың бала өміріндегі, сондай-ақ онлайн кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігі туралы сөз қозғалады. Баланың мінез-құлқын бақылау, әлеуметтік желілердегі белсенділік мониторингі, мектеп ортасындағы құрдастарымен қарым-қатынасты бақылауға қатысты ұсыныстар беріледі.
«Бала қауіпсіздігі ата-ана, педагог, әрбір ересек адам үшін басымдыққа ие болуы тиіс. Баламен ашық диалог құру, оның өміріне ұдайы қатысып отыру — бұл проблемалардың алдын алуға көмектесетін негізгі қадамдар. Сонымен қатар, цифрлық құрылғыларды бақылау және баламен қауіпсіздік тақырыбында әңгімелесу де бар. Ата-аналардың міндеті тек баланың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, сонымен қатар өз баласымен оны әрқашан тыңдауға және көмектесуге дайын екенін білдіретін сенімді қарым-қатынас қалыптастыру. Бала біздің болашағымыз, олардың саламаттылығын сақтау тікелей бізге байланысты», — деді оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Ведомство мәліметінше, биылғы оқу жылынан бастап мектептерде апта сайын «Қауіпсіздік сабақтары» өтуде. Сондай-ақ балалар мен ата-аналар және педагогтер үшін психологиялық, құқықтық және әдістемелік кеңес алуға болатын психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Ал балаларға жасалған қатыгездікке куә болсаңыз, тәулік бойы қызмет ететін «111» нөміріне хабарласуға болады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жол сапасына жауапты бір маман 30-ға жуық нысанда тексеріс жүргізген