Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жол құрылысы саласында тексеріс жүргізді. Нәтижесінде жолға техникалық қадағалау жүргізетін бір сарапшының бір мезгілде 30 нысандағы жұмыстардың сапасын бақылайтындығы анықталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өңірде барлығы 160 автожол жобасын жөндеуді 99 сарапшы бақылайды. Оның ішінде 48 сарапшы екі және одан да көп объектілерге бекітілген.
«Инжинирингтік қызмет көрсетудің қолданыстағы ережелеріне сәйкес техникалық қадағалау жөніндегі сарапшы құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын тұрақты негізде тексереді. Алайда, нормативтік құжатта бір кезеңде іске асырылатын бақыланатын объектілер саны бойынша шектеу жоқ. Бұл кемшілік елеулі олқылық болып табылады және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу сапасына теріс әсер етеді, өйткені бір адам бір уақытта бірнеше объектіге физикалық түрде қатыса алмайды», — деп көрсетілген ведомствоның баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелін жою үшін департамент талдау нәтижелері бойынша тиісті ұсынымдар енгізбек.
Тағы оқыңыз: Елімізде мүгедектікті анықтау рәсіміне тәуелсіз сарапшылар тартылады