Тұрғындарға референдумға QR коды бар шақыру қағаздары берілетін болады. Бұл елімізде алғаш рет қолға алынып отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Облысымызға ҚР орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров келді. Ол алдымен алтыншы қазанда елімізде болатын референдумға аумақтық комиссияның дайындығын пысықтады. Оның ішіде аталмыш учаскелерде жұмыс істейтін комиссия мүшелерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ саяси науқан күнінде олардың жұмыстарының басты мақсаттары мен міндеттерін айқындады.
Референдум кезінде учаскелері дауыс берушілер үшін таңғы жетіден ашылады. Азаматтар кешкі сегізге дейін АЭС құрылысын «қолдаймын» немесе «қолдамаймын» деген екі сұраққа жауап беру үшін учаскелерге келе алады.
«Биыл алғаш рет референдумға шақырту қағаздарына QR код енгізіледі. Онда референдумға қатысты нақты ақпаратты енгізуге тырыстық. Дауыс берушінің құқықтары мен ережелер толық жазылған. Бұл шақырту қағаздары әр дауыс беруге құқығы бар адамның тұрғылықты мекенжайы бойынша комиссия мүшесі апарады. Қазір дауыс берушілердің саны, аты-жөні толық тексеріліп жатыр. Кейін әр комиссия мүшесі азаматтардың жеке деректерін жарияламау үшін құжатты толтырады. Сосын барып, шақырту қағаздары толтырылады», — деп түсіндірді Константин Петров.
Референдум кезінде облыста 606 комиссия жұмыс істейтін болады. Оның 15-і аумақтық, 591-і учаскелік. Барлығы 3430 комиссия мүшесі тіркелген.
Солтүстік Қазақстанда 591 референдум учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік бар. Оның 97-сі облыс орталығында орналасқан.
15-ші қыркүйектегі мәліметтерге сүйенсек,өңірде 375 236 адам дауыс беруге құқылы екен.
Тағы оқыңыз: Референдум-2024: Өңірлік халықтық штабта 100-ге жуық адам бар