Солтүстік Қазақстанда демографиялық ахуал төмен. Қазақтың біртуар ақын-жазушылары туған ауылдар жабылып жатыр. Бұл туралы сенат сессиясында депутат Нұртөре Жүсіп айтты. Ол солтүстік өңірлерде әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын дереу қолға алу керектігін жеткізді, деп жазады Qazaqstan Media.
Халық қалаулысы депуаттық сауалын үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдады. Сенат өткен сессияда «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбында үкімет сағатын өткізген. Сол кезде сенат үкімет пен тиісті министрліктерге бірқатар ұсыным жолданды. Бірақ, одан нәтиже шамалы. Нұртөре Жүсіптің айтуынша, сенаторлар үкіметке демография мәселелері бойынша мемлекеттік орган құруды айтқан. Бұған ұлттық экономика министрлігі «Мұндай мемлекеттік органды құру іс жүзінде мүмкін емес» деген.
Сенат депутаты соңғы жылдары солтүстік өңірлерде адамдардың саны азайып жатқанын жеткізді. Оған үкімет тарапынан нақты жауапкершіліктің болмауы, мониторингтің жоқтығы, реформалардың тиімсіздігі себеп, — деп отыр сенатор.
«Ұлттық статистикасы бюросының дерегіне сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында көші-қон сальдосы 2024 жылғы 1 шілдеде теріс болды – минус 3396 адам. Сондай-ақ СҚО бойынша табиғи өсім мың адамға шаққанда теріс сальдоға тең – минус 1,94 адам. Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында туған адамдардың саны жыл сайын азайып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысындағы Сәбит Мұқанов ауылы жабылған. Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің ауылы жабылуға жақын. Еңбек ері, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов туған Жаңа жол ауылының да тағдыры қыл үстінде тұр», — деді өз сөзінде Нұртөре Жүсіп.
Осыған байланысты сенат ұсынымдарын қайта қарауды, солтүстік өңірлерде әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын дереу қолға алу керкетігін айтты. Оған қоса, аймақтарға жастарды тарту, инфрақұралымды дамыту, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел пысықтап нақты шешімдер қабылдануы керек, деп отыр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да су жылытқыш баллонын кеспек болған зейнеткер көз жұмды