Солтүстік Қазақстанда халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды. Оның ашылуы Айыртау ауданы, Ботай қонысында өтті. Астана қаласына дейін жалғасатын жорық 500 шақырымды құрайды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Марафон-бәйгеге Оңтүстік Африка, Иран, Түркия, Қырғызстан, Қарашай-Шеркеш, Қабардин-Балқар, Татарстан, Мажарстан елінен келген командалар қатысып жатыр. Қыздардан жасақталған құрамалар да бар.
Маргарита Даниленко Ресейдің Қабардин-Балқар жерінен келіп отыр. «Сайгак» атты тұлпарын баптап, 500 шақырымды қиындықсыз өтуге ниетті.
«Біздің құрамада жалғыз ер азамат бар, қалғаны қыз. Мұндай алыс қашықтықтағы марафонға алғаш қатысып отырмын. Жолдың ұзақтығы және сапасы да әсер етеді деп ойлаймын. Тасты, ойпаң жерлер көп деп жатыр. Оны алда көре жатармыз. Бірақ, жеңіске жетуге үміт бар», — дейді шабандоз.
Ал ел намысын Маңғыстау облысының қос командасы, Алматы қаласы, Жамбыл, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жетісу облысының командалары қорғайды. Құрамалардың екеуі қыздардан құралған. Ол Маңғыстаудан келген «Суын» және Ақмола облысының «Томирис» командасы. Бұл жорыққа қатысып жатқан тұңғыш қыздар болып отыр.
Жорыққа қатысатын тұлпардардың басым бөлігі қазақы тұқымдарға жатады. Бұл – Адай, Найман, Көшім, Әулие ата, Қостанай, Жетісу арғымағы тұқымдары. Сондықтан жорықтың Ботайдан басталуы тегін емес.
«Ботай – ең алғаш жылқы қолға үйретілген жер. Сол себепті, тарихи мекеннің маңызы осындағы барша қатысушыларға құнды деп есептеймін», — деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.
Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бастауы болды.
Жорықтың ашылу салтанатына Amanat партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев та қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі биыл осымен үшінші рет өткізіліп жатыр. Бұл ел президентінің бастамасымен қолға алынып отырған шара. Биыл алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылған. Барлық шабандоздарға сәттілік тілеймін. Күні кеше мемлекет басшысы халыққа арнаған өз жолдауында туризмді дамыту жайын айтты. Міне, осындай шаралар арқылы біз еліміздің әсем жерлерін көрсетіп, туризмді және ұлттық спорт түрлерін дамыта аламыз», — деді Ержан Жылқыбаев.
Атап өтейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда.
Тағы оқыңыз: Президент: Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуы тиіс