Петропавлдың Бірлік шағын ауданында құрылыс жұмыстарын жүргізген жұмысшыларға жалақы төленбеген. Проблеманы қала әкімімен кездесуге келген тұрғындар жеткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қала әкімінің есеп беруіне келгендердің бірі – Анна Судина. Келіншектің айтуынша, оның кәмелетке толмаған ұлы Бірлік шағын ауданында жұмыс істеген. Алайда жасөспірім еңбек еткен «Пром Торг Строй» ЖШС оған әлі күнге дейін жалақы бермеген.
«Ұлыма және оның жанындағы жұмысшыларға серіктестік басшылығы тек екі күндік жалақысын берген. Қалған екі апталық еңбекақысын бермей қойды. Және оларды құлша жұмсаған. Бұл жағдайдан кейін біз құзырлы органдарға бардық. Бұл мәселемен еңбек инспекциясы айналысады екен. Бірақ біз жақында инспекция бұл факт бойынша серіктестік басшысына емес мүлдем басқа адамның үстінен іс қозғап жатқанын білдік. Яғни, кінәлі адамды жасырып отыр. Сізден осы мәселені бақылауға алуыңызды сұраймыз. Себебі, мұндай әділетсіздікке жол берілмеуі тиіс», — деді Петропавл тұрғыны Анна Судина.
Қалалық полиция басқармасы басшысының сөзінше, бұл іс еңбек инспекциясына жіберілген. Қазіргі уақытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Бұл істі өз бақылауыма аламын. Ең алдымен, сіз айтып тұрған мердігер компания туралы ақпаратпен танысып шығып, олардың кәмелет жасқа толмаған балаларды неге жұмысқа алғанын анықтап алайын. Кейін сіз айтқан өзге де фактілерді анықтайтын боламыз. Еңбек инспекциясына қатысты айтылған ақпаратты да тексереміз», — деді қала әкімі.
Тағы оқыңыз: 400-ге жуық петропавлдық әлі күнге дейін уақытша орналастыру орындарын паналауда