Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметі 5 млн теңгеге жуық қаражатқа жиһаз сатып алмақ болған. Аталған дерек «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасына қатысушылар жүргізген мониторинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі Qazaqstan ұлттық телеарнасына сілтеме жасап.
Былтырдан бері еріктілер мемлекеттік сатып алу саласында 8 күмәнді деректі анықтаған. Нәтижесінде 83,4 млн теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына тосқауыл қойды. Жалпы облыста 125 адам ерікті ретінде жұмыс істеуге ниет білдірген. Олар бір жылда мыңға жуық адамға тегін құқықтық көмек көрсетті. Еріктілер құрылыс және жол салу сапасын қадағалау саласында да жұмыс істеп жүр. Аудан, қала, республикалық маңызы бар 20-дан астам жол учаскесінде мониторинг жүргізілді.
«Тиісті мамандардың көмегімен мемлекеттік тапсырыс бойынша салынып жатқан нысандардың құрылысын, жол сапасын тексереміз. Олқылық анықталса, тапсырыс берушіге нұсқау жолдаймыз. Көбіне нысанардың паспорты болмай жатады, жаңадан салынған жолдар жарылады. Осының барлығы қалыпқа келтірілгенше жұмысты қадағалаймыз», — деді волонтер Ерлан Әбілкәрімов.
Тағы оқыңыз:ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов СҚО-ның бизнес өкілдерімен кездесті