Петропавл қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Болат Қанғожинов түнгі тыныштықты бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері оған қатаң сөгіс жариялау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға сәуір айында болған. Болат Қанғожинов түнгі он екілер шамасында достарына қонаққа барады. Бірақ ол қателесіп басқа біреудің есігін қаққан.
«Есікті ашқан пәтер иесі ашулы болды. Кейін бірден полиция қызметкерлері келіп, маған 9230 теңге көлемінде айыппұл салды. Содан соң ғана мен достарымның шулағандығын түсіндім. Ал көршілері соған шыдамай тәртіп сақшыларын шақырған. Әрине, бұл жерде менің кінәм болған жоқ. Дегенмен ешкіммен жанжалдасқан жоқпын», — деп ақталды шенеунік.
Тексеріс барысында қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Болат Қанғожиновтың 42 әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны белгілі болды. Бірақ олардың барлығында бірдей шенеуніктің кінәсі жоқ болып шықты.
«Бұл заң бұзушылықтардың көбі маған дейін болған. Мысалы, былтыр мекемеге тексеру комиссиясы келді. Олар тексеріспен соңғы үш жылды қамтыды. 20 заң бұзушылық анықталды. Ал ол кезде мен басшының міндетін атқарушы болғандықтан жауапкершілікті өз мойныма алуға тура келді», — деді Болат Қанғожинов.
Осыған қарамастан кеңес мүшелері әдеп кодексін бұзған шенеунікке қатаң сөгіс жариялау туралы шешім шығарды.
Тағы оқыңыз: СҚО-да бірнеше минутқа қан айналымы тоқтап қалған зейнеткер құтқарылды