Петропавл қаласының әкімі өткізген ашық есік күніне қала тұрғыны Николай Гербе де келді. Оның айтуынша, «Ракета» саяжай қауымдастығындағы оның және бірнеше тұрғынның үйі тасқыннан кейін әлі де суда тұр екен. Николай шаһар басшысынан сол жерге суды сору жұмыстарын ұйымдастыруды сұрады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Николай Гербеның саяжайы «Ракета» қауымдастығында орналасқан. Оның қала сыртындағы үйін табиғи апат кезінде су басқан. Бұл тасқын су саяжайдан әлі де кетпеген. Қала тұрғыны шаһар басшысынан осы мәселені шешіп беруді сұрады.

«Менің саяжайымды 30 жылдан бері бірде-бір рет су баспап еді. Биыл бірінші рет табиғи апат зардабын көріп отырмыз. Қазір көше бойындағы су тізеге дейін жетеді.Маған тек орталық көшені қалпына келтіретіндерін айтты. Ал біздің саяжайлар не болмақ? Ол қауымдастықта тұратындардың көбісі зейнеткерлер. Тіпті, резеңке етікпен жүру мүмкін емес», — деді қала тұрғыны.

Тұрғын жауапты мамандардан жолға топырақ сеуіп, қайта қалпына келтіруді сұраған екен. Алайда, оның өтінішімен келіспеген. Мамандардың айтуынша, бұл аумақта тасқын судан тұтас бір көл пайда болған. Суды сорып шығару мүмкін емес.

«Ол жерде негізінен балшықтан соғылған үйлер орналасқан. Олар су тасқынынан кейін қайта қалпына келтіруге жарамсыз. Ол жердің топырағы құнарлы екенін түсінемін. Бірақ сіз ол жерге саяжай салып, тәуекелге бардыңыз. Қазір Петропавлда алты мыңнан астам саяжай өзеннің жайылмасында орналасқан. Мен қазір осы алты мың учаскені қандай да бір нақты өткелмен қамтамасыз ете алмаймын немесе ол жерге бөгет сала алмаймын. Сіздің мәселеңізді қарастырып көреміз. Егер ешқандай амалы болмаса, саяжайды қалпына келтіру мүмкін болмайды », — деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.

Тағы оқыңыз:2026 жылы Қазақстаннан Жапонияға тікелей әуе рейсі қосылуы мүмкін

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *