8 қыркүйек күні Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Халықаралық жарысқа әлемнің 89 елінен екі мыңнан астам спортшы қатысады. Дүбірлі додаға СҚО-дан екі жылқы аттанады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«Аквамарин» лақап аты бар жылқы ат спортына биыл ғана келген. Алматыда өткен «Жорға жарыс» сайысында ол мәре сызығына бірінші болып жеткен. Енді ол V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 9 шақырымға созылатын «Жорға жарыс» бәйгесіне қатыстырылады.
«Алғаш рет жазғы маусымның ашылуында Қызылжар ипподромында жеңіске жеттік. Содан кейін ұлттық ойындар фестивалінде тағы да бірінші келдік. Астанада өткен қала күнінде 3 орын алдық. Сондай-ақ, көшпенділер ойындарының 2-ші іріктеу кезеңінде бірінші орынды иелендік. Бұл жылқы өте еңбекқор, жігерлі, икемді. Одан не қалайтынын тез түсінуге болады. Бір сөзбен айтқанда ипподромдағы ең мықты жылқы», — деді ат спорты бойынша ҚР спорт шебері Евгений Чибисов.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын екінші жылқы — «Қамыс құлақ». Ол «Құнан бәйге» сайысына қатысып, 11 шақырымдық қашықтықты бағындыруы тиіс.
«Бұл 2 жасар құнан Франция елінен әкелінген. Жақында Павлодар қаласында бәйгеден өткен Қазақстан чемпионатының 8-ші іріктеу кезеңінде және «Құнан» бәйгеден Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының іріктеу кезеңінде жеңіске жетті. Енді халықаралық жарысқа дайындалып жатырмыз», — деді жаттықтырушы Қуаныш Шахамбаев.
Тағы оқыңыз:СҚО-да «синтетика» сататындар көбейген