Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері тіркелген 149 есірткіге қатысты қылмыстың 97-сі «синтетика» сатуға қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Солтүстік Қазақстанда жыл басынан полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 476 килограмм 446 грамм әртүрлi есiрткi заттары тәркілеген. Оның ішіндегі 5 килограмм 611 граммы синтетикалық есірткі.
Айта кету керек, өңірде «синтетика» саудасына қызығатындар көбейген. Мәселен, қара нарықта барлығы 81 сауда тіркелсе, оның 73-і синтетикалық есірткі заттарын сату фактілері.
Полицейлер есірткі жарнамасын, тыйым салынған заттарды сататын интернет-дүкендерді, есірткі курьерлерін тартатын ресурстарды анықтап, бұғаттауда. Қаңтар айынан бастап осындай 48 ресурс бұғатталыпты. Оған қоса, тұрғындар да есірткі саудасы жайында хабарлап отырады.
«Өңіріміздің белсенді азаматтары күмәнді адамдар туралы ақпаратты t.me/sko_narkohelp_bot есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының Telegram-ботына хабарлап отырады. Қазіргі уақытта облыс тұрғындары полицияға хабарлаған екі өткізу фактісі бойынша тексерістер жүргізілуде», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Үмбетов.
Тағы оқыңыз: Биыл СҚО-да құтырма ауруының үш дерегі тіркелді