Солтүстік Қазақстан облысында оқушыларды тегін тамақтандыру үрдісі биыл да жалғасады. Ол үшін 3,8 млрд теңге қарастырылған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Өткен жылдан бері өңірдің бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Биыл 37 мың оқушыға мектеп асханаларында тегін ыстық тамақ беріледі. Ол үшін 3,8 млрд теңге қарастырылған.
«Балалардың тамақтану сапасын бақылау аясында мектептерде бракераждық комиссиялар құрылды. Сонымен қатар барлық аудандарда ведомствоаралық сараптамалық топтар жұмыс істейді, олардың құрамына ата-аналар қоғамының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Тек өткен жылы олар 1 893 тексеріс жүргізді. Тамақтану сапасын арттыру мақсатында мектеп асханаларын жаңғырту, асхана блоктарында бейнебақылау орнату жүргізілуде. Биыл ол үшін 424,3 млн теңге бөлінді», — деді СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте.
Сонымен қатар спикер оқушыларды оқулықпен қамту туралы да айтып өтті. 2024 жылы кітаптарды сатып алу мен жеткізуге 889,9 млн теңге бөлінген. Оның 165 млн теңгеге әдеби оқулықтар сатып алынған. Ал 27,2 млн теңге кітаптарды жеткізуге кеткен.
«Баспаханалармен 155 келісім жасалған. Оның аясында 292 559 дана оқулық алынады. Қазіргі кезде оқулықтарды жеткізу басталды. Оқу жылының басына дейін барлық кітап әкелінеді. 12-ші тамыздан балаларға оқулықтар таратылып жатыр», — деді спикер.
Сондай-ақ брифингте мектептердің материалдық-техникалық базасы туралы да баяндалды. Ол үшін биыл 6,4 млрд теңге бөлінген. Бұл былтырғымен салыстырғада 1 млрд теңгеге көп екен.
Бұл ақшаға 47 пәндік кабинеті, 1 STEM-зертхана, 1 робототехника кабинеті сатып алынды және 38 ауыл меткептерінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Тағы оқыңыз: СҚО-ның тоғыз тұрғыны дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, рекорд орнатпақ