10-шы тамыз – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туған күні. Атаулы датаға орай Петропавлда бірқатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Биыл ұлы ақынның туғанына – 179 жыл. Осыған орай өңірде бесінші тамыздан бастап мәдени мекемелер арасында арнайы челлендж өтіп жатыр. Мақсаты – Абай мұрасынан нәр алып, оның асыл сөздерін, асқақ поэзиясын, терең философиясын насихаттау. Сонымен қатар ертең қала тұрғындары үшін И. Шухов атындағы қалалық кітапханада «Әлем таныған ұлы Абай» көрмесі мен «Біз Абайды білеміз, оқимыз, бағалаймыз» блиц-ойыны ұйымдастырылады. Және сегізінші тамыз, яғни, ертең Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында да «Вся мудрость в книгах…» атты іс-шара өтпек.
«Иван Шухов атындағы қалалық кітапханада ертең сағат 15:00-де «Абай – ұлы тұлға» тақырыбында әдеби кеш өтетін болады. Ал тоғызыншы тамыз Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында сағат 12:00-де Абай Құнанбаев кітап экспозициясы ұйымдастырылады. Ал сағат 15:00-де «Қазақ даласының ұлы перзенті» бейне шолуы өтеді», — деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Әсем Сүлейменова.
Сонымен қатар тоғызыншы тамыз күні С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Адамзат ақыл-ойының алыбы» тақырыбында поэзия сағаты өтеді. Ал 15:00-де Абай күніне және А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсының қойылғанына 80 жыл толуына орай «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты әдеби-сазды кеші де ұйымдастырылады.
«Ұлы ақынның туған күніне орай өңірде жыл сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Солардың бірі — Абай оқулары. Ол биыл тоғызыншы тамыз күні облыстық кітапханада «Абай мұрасы – ұлт игілігі» тақырыбында өтпек. Білім сайысы бірнеше номинация бойынша өтетін болады. Жалпы, Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған мәдени шаралардың басым бөлігіне облыстық, қалалық кітапхана ұжымдары жауапты», — деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Әсем Сүлейменова.
Тағы оқыңыз:Петропавлдықтар қоқыс шығару қызметіне 70 млн теңге қарыз