1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы тағы 50 пайызға өседі, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бұл туралы бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті. Яғни, жаңа оқу жылынан бастап колледж студенттерінің стипендиясы 43 мың теңгеге артады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде мемлекеттік тапсырысты ұлғайту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп отыр. Биыл 145 мың грант бөлінді, оның 65%-ы техникалық мамандықтарға бағытталған. Сондай- ақ, 1 қыркүйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы өткен жылғы деңгейден 50%-ға ұлғаяды», — деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, биыл бірінші жартыжылдықта 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жақсарған.
«Техникалық базаның заманауи стандарттарға сай болуы және студенттерді оқыту мен педагогтердің жұмысы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуі маңызды. Биыл 2 103 орынға арналған 8 жатақхана салынып жатыр. Қазір Павлодар және Түркістан облысында 259 орынға арналған 2 жатақхана пайдалануға берілді. Талдау нәтижелері кейбір өңірлерде студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету мәселесі әлі де маңызды екенін көрсетіп отыр. Бұл Алматы қаласы (2 349 төсек-орын), Астана (1 291), Ақмола облысы (1 112), СҚО (811) және Алматы (711) облысында тапшылық бар», — дейді ол.
Тағы оқыңыз:СҚО-ның кей мектептерінде жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмауы мүмкін