Солтүстік Қазақстанда тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлене бастады. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың бірінші бөлігі 23 шілдеде түскен. Жалпы облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, өңірде табиғи апаттан 140 кәсіпкер зардап шеккен. Олардың тек жартысынан астамы ғана облыстық комиссияға шығынды өтеу туралы өтініш білдірген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазіргі уақытта облыс бойынша арнайы комиссияға өтінім берген 44 кәсіпкердің өтініші мақұлданды. Бизнесмендерге 900 млн теңге төленуі тиіс. Олардың ішінде 9 кәсіпкердің есепшотына жалпы соммасы 90 млн теңге көлемінде қаражат аударылды. Табиғи апаттан зардап шеккен 50-ге жуық бизнес иесінің тиісті құжаттары толық болмауына байланысты өтінімі кері қайтырылыпты. Кәсіпкерлер палатасының сөзінше, су тасқынынан зардап шеккен бизнес иелерінің көбі Петропавл қаласынан. Солардың бірі — Татьяна Илени. Оның Ойқала ықшам ауданында азық-түлік дүкені бар. Жеке кәсіпкерлікпен айналысып жатқанына 20 жыл болыпты. Татьяна Михайловнаның сөзінше, оның дүкеніне бұрын мұндай тасқын су келмеген. Бағалау комиссиясы дүкеннің шығынын 5 млн теңгеге бағалаған. Қазіргі уақытта бұл қаражат кәсіпкердің есепшотына түсіпті.
«Дүкеніме кірген су тым көп болды деп айтпаймын. Бірақ тасқын су тым көп уақыт тұрды. Сол себептен, еден мен қабырғалар жарамсыз болып қалды. Дүкенімнің төбесі де опырылып түсті. Ғимарат ескі еді. Сол себепті де, шыдас бере алмады. Бізге бағалаушы комиссия 16 мамыр күні келді. Ал 17-сі күні біз жолдасым екеуміз өзіміз едендерді көтеріп, жөндеуді ақырын бастап кеттік. Әлі толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстары біткен жоқ. Бірақ жұмысты бастап кеттік. Себебі, шығынға батып барамыз. Дегенмен, мемлекет тарапынан бізге уәде етілген ақшаны аударып берді. Сол үшін де рахмет», — деді жеке кәсіпкер Татьяна Илени.
Татьяна Михайловнаның дүкені 13-ші сәуір күні жабылып тек 27 шілде күні қайта жұмысын бастапты. Тауарлардың жарамдылық мерзімі өтіп кетіп, қоқысқа лақтырған. Жалпы, облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қазіргі уақытта әлі 50 бизнес субъектісіне келген шығын көлемі бағаланып жатыр. Ал тағы 50 кәсіпкер өтемақы алудан бас тартыпты.
«Кәсіпкерлерге өтемақы шығын көлеміне қарай төленеді. Бизнес иелері бағалау комиссиясының шешімін, сметалық құжаттарын әкеліп тапсыруы керек. Қажет құжаттар тізімі көрсетілген. Барлығын толық тапсырғаннан соң ғана облыстық әкімдікте құрылған арнайы комиссия өтемақы құнын есептеп шығарады», — деді облыстық кәсіпкерлер палатасының эксперті Шыңғыс Жылқыбаев.
Тағы оқыңыз:СҚО-да қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығы ашылды