Синоптиктердің болжауынша, осы апта жаңбырлы болады. Сонымен қатар, найзағай ойнап, бұршақ жаууы да мүмкін. Мамандардың айтуынша, кейбір аудандарда жауын айлық нормадан екі есеге артық түскен, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дүйсенбіде басталған жауын, бірнеше күнге ұласады. Ауа температурасы аптаның бірінші күні +20 шамасында болады. Кей жерлерде +28-ге дейін ысуы мүмкін. Аймақтың солтүстігі мен шығысында қатты жаңбыр жауып, батысында және оңтүстігінде найзағай ойнап, бұршақ жауып, дауыл болады деп болжанып отыр.
Қазгидромет мамандары сейсенбі күні солтүстік өңірге оңтүстік циклоны келеді дейді. Соның нәтижесінде нөсерлі жауын болмақ. Жалпы шілде айында облыс бойынша жауын-шашын мөлшері нормадан көп түскен. Мысалы, Петропавлдың өзінде ылғал айлық нормадан 1,5 есеге артық түсіпті.
«Ең көп жауын мөлшері Тимирязев ауданында болды. Онда екі есеге көп жаңбыр жауды. Айлық норма 60 мм болса, бұл ауданда 124 мм жаңбыр жауды. Әсіресе 16-шы шілде күні жауын-шашынды болды. Алдағы күндері де жаңбырлы ауа райы сақталады»,- деді «Қазгидромет» АҚ СҚОФ директорының орынбасары Наталья Левина.
Сейсенбі күні жаңбыр жауғанымен, күн жылы болмақ. Ауа ауа температурасы +22 +24 градусқа дейін көтеріледі.
Қазгидромет мамандарының айтуынша, сәрсенбіде облыс орталығында күн ашық болады. Бірақ, ауа температурасы сәл төмендейді. Термометр көрсеткіші +19+21 деңгейінде тұрады.
Ал аудандарға келетін болсақ, 24 шілдеде найзағай ойнап, нөсер болып, дауыл тұрады.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда бірінші сыныпқа баратын балалар бір ай мектепалды даярлықтан өтеді