Петропавлда мотоцикл мен Honda Accord автокөлігі соқтығысып қалды. Нәтижесінде, 17 жастағы мотоцикл жүргізушісі облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Жасөспірімнің жағдайы ауыр, 2000мл қан жоғалтқан, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жол- көлік оқиғасы 17 шілде түнгі сағат 23:00 шамасында Петропавлдағы Пафилов пен Караван көшелерінің қиылысында болған. RC200 мотоциклін тізгіндеген 17 жастағы жасөспірім Honda Accord автокөлігімен соқтығысып қалған.
«Екі адам зардап шеккен жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қажетті сараптамалар мен қосымша іс жүргізуді тағайындау үшін материал жиналуда. Екі жүргізуші де жедел түрде медициналық мекемеге жеткізілді», — делінген облыстық ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жасөспірім қазіргі уақытта облыстық көпбейінді балалар ауруханасында. Дәрігерлердің сөзінше, жасөспірім өлім мен өмірдің арасында жатыр.
«Мотоцикл жүргізушісі 23:31 шамасында балалар ауруханасына өте ауыр жағдайда жеткізілді. Шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды. Жасөспірімге бас жарақаты, бас миының контузиясы, ішкі ағзаларының зақымдалуы диагнозы қойылды. Сонымен қатар бірнеше сүйегі сынған. Бала үшінші деңгейлі травматикалық шок алған. Құрамына реаниматолог, нейрохирург, офтальмолог, хирург, травматолог кіретін кеңес өткізіліп, қажетті сараптаманың барлығы жасалды. Шұғыл ота жасалды. Бала 2000мл қан жоғалтты. Бүйрегі алынып тасталды», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.