СҚО-да жалпы 24 колледж бар.Оның 19-ы мемлекеттік болса, қалған бесеуі жекеменшік. Бұл білім мекемелерінде 10 мыңнан астам студент оқиды. Қазіргі уақытта олардың 2200-і жатақханада тұрады. Тағы 661 студент орынға мұқтаж, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 70 мамандық және 112 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Мемлекеттік 19 колледжде 3365 орынға шақталған 21 жатақхана бар. Оның екеуі жалдамалы болса, үшеуі жекеменшік.
«Қазір өңірде 661 студентке жатақханадан орын керек. Петропавлдағы Е.Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі мен Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде жатақхана жоқ еді. Мәселені шешу мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» жобасы аясында 2020 жылы Петропавл қаласының Е.Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжіне М. Жұмабаев көшесі бойынан жаңа жатақхана салынды. Биыл 1 қыркүйектен студенттер тұратын болады»,-деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Зейнуллин.
Жаңа салынған жатақханада орын мәселесін толық шешпейтін көрінеді. Сол себепті, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қарамағындағы жоғары медициналық колледжiнiң жанынан тағы 500 орындық студенттер үйін салу қажет екен.
«Ауылдық колледждерде оқитын студенттер жатақханада тегін тұрады.Қалалық колледждерде жатақханада тұру құны айына 5-6 мың теңге аралығында»,- деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бауржан Зейнуллин.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биылғы 2024-2025 оқу жылына 4 мыңға дейін талапкер қабылдау жоспарланған.
Тағы оқыңыз:Петропавл қаласы әкімінің орынбасары жұмысынан кетті