Петропавлда қала күніне орай дәстүрлі бояулар шоуы өтті. Пестрое көлі жағалауындағы шараға қаламыздың тұрғындары мен қонақтары белсенді қатысты. Көңілді ән мен би, тартысты ойындар көпшілікке ұмытылмас көңіл-күй сыйлады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қала күніне орай Солтүстік жұлдызы саябағында ұйымдастырылған шараға жүздеген адам қатысты. Олар бір-бірінің үстіне бояу шашып, концерт тамашалап, мерекелік көңіл-күйде өткізді. Шараның сәнін тегін лоторея ойыны келтірді. Жүздеген адам құнды сыйлықтарды ұтып алды.
«Біз еліміздің барлық қалаларында түрлі шараларды ұйымдастырамыз. Петропавлда бояулар шоуын үшінші рет өткізіп тұрмыз. Биыл арнайы Көкшетау мен Қостанайдан DJ шақырттық. Ал басты қонағымыз «Домино» тобы. Сонымен қатар, біз лоторея ұтысын ойнатамыз. Құлаққап, ұялы телефон сынды құнды сыйлықтар бар»,- деп нақтылады «Жас қала» бояулар шоуын ұйымдастырушы Кирилл Пархоменко.
Мереке күні аталмыш саябақта жағалау волейболы мен футболынан жарыс өтті. Әуесқой командалар арасынан мықтыларды анықтау сайысы жыл сайын қала күнінде өткізіледі. Биыл әуесқой футболшылардан тек үш құрама ғана жиналыпты.
Күн райының құбылмалы болғанына қарамастан Пестрое көлі маңына жиналғандардың көңіл-күйлеріне әсер етпеді.
«Қала күні -жаздың ең қызықты мерекесі. Петропавл-ең әдемі қала. Мен сүйікті қалаиызды туған күнімен құттықтаймын. Жасай берсін,жайнай берсін! Көңіл-күйім тамаша, ауа райы да керемет. Мен ыстықты ұнатпаймын. Сондықтан, күннің қоңыржай болып тұрғаны керемет»,- дейді бояулар шоуына қатысқан қала тұрғыны Данил Дмитриенко.
Тағы оқыңыз: Петропавлдың бас алаңында балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды