Петропавлда жазушы-журналист, қоғам қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовтың 75 жас мерейтойы аталып өтті. Іс-шара барысында келушілер назарына жазушының «Түзу ағаштың көлеңкесі» повесінің желісі бойынша сахналанған спектакль ұсынылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«Түзу ағаштың көлеңкесі» қойылымы Жарасбай Сүлейменовтің 75 жас мерейтойына орай сахналануда. Спектакльдің қоюшы режиссері — Дәурен Тойбазаров. Оның сөзінше, спектакль шынайы оқиғаға негізделген.
«Жарасбай ағаның бұл шығармасын қалың көрермен назарына ұсыну мен үшін әрине, мақтаныш. Дегенмен, қобалжуда бар. Бір айдан астам уақыт дайындалдық. Театр сахнасына сай, кейбір жерлерін автормен бірлесе отырып қысқарттық. Спектакльде көреалмаушылық, сатқындық оқиғалары бейнеленеді», — деді спектакльдің режиссері Дәурен Тойбазаров.
Қойылым көрермен көңілінен шықты. Мерейтой иесіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдаған. Оны облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов оқып, иығына шапан жапты.
«Құрметті жерлестер, қонақтар. Қасиетті Қызылжар жерінен елге танымал Қожаберген жырау, Ақан сері мен Мағжан, Сәбит пен Ғабит сынды талай тұлғалар шыққан. Қазіргі тәуіелсіз еліміздің өркендеуіне көп үлес қосқан азаматтар да бар. Солардың бірі осы той иесі, ел азаматы — Жарасбай Сүлейменов. Жаңа барлығымыз керемет спектакль тамашаладық. Кешеден бері ағамыздың мерейтойына орай түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Мұның барлығы ел ағасына көрсетілген халықтың құрметі», — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жарасбай Сүлейменов Парламент мәжілісінің төртінші шақырылымының ең белсенді депутаты ретінде қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, сапалы заңдардың қабылдануына атсалысқаны халық жадында. Сол себепті жазушыны бұл күні ҚР Парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан сенат депутаты Әсем Рахметовада құттықтады.
Биыл Жарасбай Сүлейменов Қызылжар ақын- жазушыларының ішінен алғаш болып Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленіп отыр. Бұл – облыс руханияты мен әдебиеті үшін үлкен жетістік. Іс-шарада халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы да мерейтой иесіне салтанатты түрде табысталды.
Тағы оқыңыз:Тайыншалық оқушылар баскетболдан өткен республикалық жарыстан жеңіспен оралды