Тайыншалық оқушылар баскетболдан өткен республикалық жарыстан жеңіспен оралды

26 маусым мен 1 шілде аралығында Астанада 7-8 сынып оқушылары арасында Республикалық Ұлттық мектеп лигасының чемпионаты өтті. Онда өңірдің намысын қорғаған Тайынша қаласының баскетбол командасы алтын медальді иеленді. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі аудандық мәдениет орталығында өтті, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Баскетболшылардың ойын барысындағы сергек қимылдары және епті комбинацияларға толы әдістері қазылар алқасының көңілінен шығып, командалық ойын жоғары бағаланды.

«Бұл жеңіс – біздің ойыншылардың  маусым бойы көрсеткен қажырлы дайындығының, темірдей  тәртіп пен  күш жігерінің көрсеткіші, мықты дайындықтың нәтижесі. Мен оларды мақтан тұтамын», — дейді құраманың жаттықтырушысы Дулат Тоқыбаев.

Бұл ретте, талантты спортшыларға жергілікті бизнес өкілдері — BioOperations ЖШС, ЕМС agro ЖШС және «Элеватор Тайынша» ЖШС қолдау білдірді. Аудандық мәдениет орталығында демеуші компаниялардың басшылары, жергілікті әкімдік қызметкерлері, спортшылардың туған-туыстары мен жақындары бас қосып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімін өткізді. Баскетболшы қыздар мен жаттықтырушыға ақшалай сыйлықтар табысталды, гүл шоқтары ұсынылды. Салтанатты рәсімге жиналғандар жастарға жеңіс пен толағай табыстар тіледі.

«Ауылдық жерде осындай мықты команда жасақталып отыр. Бұл әрине, қуантарлық жағдай.   Компанияларымыз қашан да талантты жастарды қолдауға тырысады. Тайынша қаласында жақын уақытта жаңа спорт кешені ашылатынын атап өткім келеді. Әзірге, онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, дайын болған соң жергілікті тұрғындар ол жерде тегін спортпен айналыса алады. Бұл да біздің әлеуметтік жобаларымыздың бірі», — дейді BioOperations ЖШС директоры Евгений Келин.

«Баскетбол —  тек спорт қана емес, өмірлік тәжірибе  сабағы. Балалар топтық әрекет етуге, кез келген  қиындықтарды бірлесе жеңуге, ортақ мақсаттары үшін жұдырықтай  жұмылуға дағдыланады. Мұндай қасиеттер келешекте олардың өміріне пайдасын тигізіп, үлкен жетістіктерге жетуге, биік белестерді бағындыруға септігін тигізетініне сенімдіміз», – дейді Тайынша ауданы әкімінің орынбасары Гүлбаршын Бәтенова.

Айта кетейік, аталмыш команда Республикалық деңгейдеті Ұлттық мектеп лигасының 6 дүркін жеңімпазы, 2 дүркін чемпионы.

Жыл сайын ҚР білім және ғылым министрлігі 5-11 сыныптар арасында Ұлттық мектеп лигасы аясында көп кезеңді жарыстар өткізеді. Ағымдағы оқу жылында спорттың 10 түрінен 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да пара алып ұсталған полковник үй қамаққа алынды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x