СҚО-да ветеринариялық станцияларға жаңа  көліктердің кілті табысталды

Солтүстік Қазақстан облысында ветеринария саласының мамандары марапатталды. Алғаш рет ресми түрде аталып отырған мерекеде аудандардағы станцияларға автокөліктердің кілті табысталды, деп жазады Qazaqstan Media.

Биылдан бастап 10 шілде Қазақстанда «Ветеринария қызметкерлері күні» болып бекітілді. Жаңа мереке жануарлардың денсаулығы мен олардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген мамандардың еңбегін атап өтуге арналған.

«Күн сайын ветеринар мамандар үй жануарлары мен  құстарды бақылап, тексеріс жүргізеді. Бір жыл ішінде олар жеті млн-ға жуық іс-шара өткізеді. Біздің тарапымыздан ветеринария саласына үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Биыл осы салаға 3 млрд 900 млн теңге бөлінді. Қажетті барлық құрал-жабдықтар сатып алынып жатыр. Мысалы, биыл қызметтік көліктер жаңартылады. Ветеринариялық саймандар, компьютерлер алынды. Осының барлығы аталмыш саланың дамуына септеседі деген сенімдемін», — деді ветеринария қызметкерлерін құттықтаған облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетов.

Төл мерекелерінде әр аудан бөліміне қызметтік жаңа автомашиналардың кілті табысталды. Сонымен қатар өңірдің ветеринария саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар мамандар түрлі деңгейдегі құрмет грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды. Талай жылғы адал еңбегінің арқасында Ғ. Мүсірепов аудандық ветеринария станциясының директоры Қамидолла Жазитов ҚР Премьер-министрінің алғыс хатын алды. Ол 38 жылдан бері жан-жануарларды емдеумен айналысып келеді.

 

«Бірінші рет ресми түрде ветеринариялық дәрігерлердің мерекесін тойлап жатырмыз. Өзім 1985-ші жылы институт бітіргеннен бастап сол ветеринария саласында қызмет етіп келемін. Бізде штатта 56 адам бар. Басты міндетіміз — аудандағы эпизоотиялық жағдайды тұрақтандырып, жұқпалы аурулардың алдын алу. Бүгін жаңа көліктің кілтін де табыстады. Енді ветеринар мамандар ауылдық округтерді қызметтік машинамен аралайтын боламыз», — деді Қамидолла Жазитов.

Сонымен қатар мерекеге орай сала ардагерлеріне «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдары табысталды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да тас жолда үш машина соғылды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x