СҚО әкімі мемлекеттік қызметшілер мен полицейлерді мерекемен құттықтады

23 маусым – мемлекеттік қызметшілер мен полицейлердің кәсіби мерекесі. Осыған орай СҚО әкімі Ғауез Нұрмұханбетов сала мамандарына өз құттықтауын жолдады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Ғауез Нұрмұханбетов әлеуметтік желідегі парақшасында ең алдымен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтаған.

«Облысымыздың мемлекеттік қызметшілерін кәсіби мерекемен құттықтаймын! Кез келген елдің үдемелі дамуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, тәжірибесіне, ұмтылысы мен кәсібилігіне тікелей байланысты. Сіздерге тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға және экономиканы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру міндеті жүктеледі. Баршаңызға мемлекеттік қызметшінің күрделі жұмысында табыс, міндеттердің орындалуын және жаңа жетістіктер тілеймін», — делінген жазбада.

Бүгін қазақстандық полицейлер де өздерінің кәсіби мерекелерін тойлауда. Күн сайын қиындыққа тап болған адамдарға көмекке келіп, қылмысты ашып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін жандардың еңбегін облыс әкімі ерекше атап өтті.

«Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полиция қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Биыл табиғат апатпен күресуде полицияның рөлі ерекше болды. Адал еңбегіңіз үшін, таңдаған мамандығыңызға берік болғаныңызға және жоғары жауапкершілік үшін алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да өздеріңізге жүктелген міндеттерді адал және абыроймен атқарып, тұрғындардың заңды құқықтары мен ел мүдделерін қорғауға берік болатындарыңызға сенімдімін. Кәсіби мереке құтты болсын», — деді өз құттықтауында облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетов.

Тағы оқыңыз: Петропавлда суға батып кеткен баланың денесі табылды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x