Мәжіліс депутаттары «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Онда бірнеше түзетулер енгізіліп, заң екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Заң жобасына «сатып алу құқығынсыз» азаматтарға жалға берілген тұрғын үйлерді – енді «жекешелендіру құқығын беру» туралы ұсыныс енгізілді. Бұл ұсыныс депутаттар тарапынан қолдау тапты. Ол азаматтарға жалға берілетін баспананы жеке меншік ретінде қалдық құнымен алуға мүмкіндік береді.
«Үйді жекешелендіру үшін қазақстандық сол пәтерде 5 жыл тұруы керек. Содан кейін жекешелендіре алады. Әрине, қалдық құнымен бірге. Қалдық құны дегенді түсіндірейін. Мысалы, 2017 жылы үй 8 млн теңге тұрса, нарықта 16-17 млн теңге болуы мүмкін. Ал сіз сол пәтерде бастапқы бағасымен аласыз. Пәтердің тағы амортизациясы болады. Ол жыл сайын азайып отырады. Осылайша, 8 млн теңге тұратын пәтердің құнын 7 млн теңге болады. Бұл да көмек. Ал нарықта бұл пәтерлер 16-17 млн теңге тұрады», — деп түсіндірді депутат Ұлықбек Тұмашинов.
Жекешелендіру құқығын – барлық өңірдегі 51 мың қазақстандық (әлеуметтік осал топтағы азаматтар) пайдалана алады. Сонымен қатар басындағы жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беру енгізіліп отыр.
Асыраушысынан айырылған адамдардың мүддесін қорғау үшін «жесірлер» санаты – жеке дербес санатқа бөлінді. Ол халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне жаңа санат ретінде қосылды. Жесірлер – асырауында кәмелетке толмаған балалары бар және күндізгі бөлімде оқитын балалары бар. Бірақ олар 23 жасқа толғанға дейін.
Сондай-ақ заң жобасына әскери қызметті атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасын бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша норма енгізілген.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Олардың айтуынша, заң күшіне енсе, жалдамалы пәтерлерді «Отбасы банк» арқылы жекешелендіруге болады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 35 градус ыстық болады